Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы Қосшыдағы полиция бөлімінің жаңа ғимаратында болды

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеевпен бірге Қосшы қаласы полиция бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі мен жарақтандырылуын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Полиция бөлімі жаңа ғимаратқа өткен айда көшірілген болатын. Үш қабатты нысанда тәртіп сақшыларының тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Ведомство басшысы кезекші бөлімнің және шағын жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.

Қосшыда 128 бейнекамера жұмыс істейді, сондай-ақ «автоуроган» жүйесінің төрт камерасы орнатылған. Одан бөлек қаладағы екі қиылыс «Сергек» камераларымен жабдықталған, олар пилоттық режимде жұмыс істейді.

Сонымен қатар мұнда «Қорғау» жүйесін іске қосу жоспарлануда. Оның арқасында полиция қызметкерлері планшеттерге келіп түскен мәліметтер арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтап, дереу шара қолдана алады.

Министр полицейлерге елордалық әріптестерімен және жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста болуды, аймақта профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.

Марат Ахметжанов қаланың криминогендік жағдайын зерттеп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың өтініштеріне ден қою бойынша тәртіп сақшыларының жұмысымен танысты. Айта кетейік, Қосшы полиция бөлімінде 72 қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде тергеушілер, анықтаушылар, учаскелік инспекторлар және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да қызметтер бар.

Ведомство басшысы №2 учаскелік полиция пунктінде де болды. Мұнда ол тұрғындармен сөйлесті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру