Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету орталығына барды

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету орталығында болды, – деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.

Бүгінде мекеме базасында ІІМ бастамасымен жыныстық қылмыстан зардап шеккен әйелдер мен кәмелетке толмағандарды қолдау бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Орталықта тергеушілер, сот-медициналық сарапшылар мен психологтар жұмыс істейді. Яғни, мұнда жүгінушілер медициналық, әлеуметтік, психологиялық, құқықтық көмекті полиция қабырғасынан тыс бір жерде ала алады.

«Неліктен біз тергеушілермен, криминалистермен бірлесіп осындай бірыңғай орталық құрдық? Себебі бала немесе әйел жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кезде олар алғашқы көмекті бірден бір жерде алуы керек. Көптеген адамдардың алдында жыныстық зорлық-зомбылық құрбандары оқиғаның мән-жайын ашып айта алмайды. Мұнда психологтың да жұмысы қажет», – деді «Право» қоғамдық қорының директоры Ольга Рыль.

Сонымен қатар бұл жәбірленушілердің психологиялық зақым алмауына, жағдайларды уақтылы анықтауға және қылмыстың дер кезінде ашылуына ықпал етеді.

«Бізде кінәліні жазалау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін бәрі бар. Бізде заңнама жұмыс істейді. Бізге тек заңнамаға жүгіну керек. Алайда көп адамдар бұл туралы білмейді. Сондықтан, менің ойымша, біздің міндетіміз ІІМ-мен бірлесіп осы ақпаратты барынша тарату. Зорлық-зомбылық құрбандары тегін орталықтар бар екенін, өздерінің көмек ала алатынын білуі қажет», – деп атап өтті қоғам белсендісі Ольга Кабанюк.

Орталықта полиция қызметкерлерінен басқа ІІМ қоғамдық кеңесінің мүшелері, адвокаттар мен БАҚ өкілдері де болды. Олар жәбірленушілерге көмек көрсету кезінде осындай бірыңғай орталықтардың тиімділігін талқылады.

Ел Президенті сексуалдық зорлық-зомбылықпен күресу және пәрменді шаралар қабылдау қажеттігі туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ерекше атап өткен болатын. ІІМ-ге осы қылмыстарды тергеу сапасын жақсарту тапсырылды. Осыған байланысты ведомство өңірлерде сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету бойынша орталықтарды құруды қолға алды. 23 дағдарыс орталығында пилоттық жоба жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру