Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де адвокаттар қауымдастығымен вебинар өткізілді

Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сөнтаев ІІМ қызметтері, өңірлік полиция департаменттері мен қылмыстық-атқару жүйесі басшылығының қатысуымен адвокаттар қауымдастығымен вебинар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оған Республикалық адвокаттар алқасының басшылығы мен аумақтық алқалардың адвокаттары қатысты. Кездесуде өзара байланыстың өзекті мәселелері талқыланды. Кеңеске қатысушылардың назарына ІІМ-нің жетістіктері мен іске асырылып жатқан жобалары туралы ақпарат жеткізілді. ІІМ әзірлеп жатқан 2024-2028 жылдарға арналған Қоғамдық қауіпсіздікті қоғамммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасы туралы егжей-тегжейлі айтылды. Бұл стратегиялық құжат “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатына сәйкес қоғамның нақты сұраныстарына бағдарлана отырып дайындалады.Оның дамуына қоғам, халықаралық және ұлттық сарапшылар, ғылыми қоғамдастық, құқық қорғаушылар мен адвокаттар белсенді қатысады.

Қатысушылар қылмыстық сот ісін жүргізу, жазаны орындау, сондай-ақ азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын жағдайлардың алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері жөніндегі заңнамадағы өзгерістерді, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді, қысқаша хаттаманы енгізуді және ҚК мен ҚІЖК-ге басқа да түзетулерді қарады.

Вебинарда ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі саналатын қылмыстық процесті автоматтандыру жеке талқыланды. Кездесу барысында адвокаттардың сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысуын ұйымдастырумен байланысты процестік қызметінің проблемалық мәселелері талқыланды. Ауқымды аудиторияны қамтитын кеңестің мұндай форматы, дәлірек айтқанда 500 адамды қамтитын ZOOM платформасында адвокаттар көтеретін мәселелер негізінде бірыңғай ұстанымды әзірлеуге және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға ықпал ететін нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Министрдің орынбасары Қайрат Сөнтаев вебинар соңында атап өткендей, қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау және қорғау – полиция бөлімшесінің орындаушысы мен басшысына дейінгі кез келген буынның алдына қойылған міндет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру