ІІМ-де есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды
Ішкі істер министрлігінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлердің біліктілігін арттыруда БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының әлеуетін пайдалану мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция ведомствосында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың 72-тармағын орындау мақсатында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшылығы БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Ауғанстан және көрші елдер бойынша өңірлік бағдарламасының құқық қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Кеннет Уильямсонмен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар ұлттық кешенді жоспардың іс-шараларын ескере отырып әзірленген «2023-2025 жылдарға арналған синтетикалық есірткіге қарсы күрес жөніндегі ұлттық әлеуетті нығайту» атты жаңа жобаны талқылады.
Жоба құқық қорғау және сот-медициналық органдардың қызметкерлерін синтетикалық есірткіге қарсы іс-қимыл бойынша оқыту семинарларын қамтиды, олардың есірткінің заңсыз айналымын анықтау, тежеу және жолын кесу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Полиция қызметкерлері алдағы уақытта сәлемдемелер мен тауарларды жеткізу жүйелері арқылы есірткі контрабандасының жолын кесу бойынша тренингтерден өтеді. Прекурсорларды және есірткінің жаңа түрлерін анықтау бойынша оқыту жүргізіледі. Құқық қорғау органдарының кинологиялық қызметтері үшін жеке курстар қарастырылған.
Кездесу өзара түсіністік пен достық атмосферада өтті.