ІІМ Қарағанды академиясында Аризона университетімен ынтымақтастық мүмкіндігі талқыланды
Қарағанды облысына ресми сапары аясында Америка Құрама Штаттары Елшілігінің делегациясы мен Аризона университетінің өкілдері Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл Аризона мемлекеттік университеті делегациясының Қазақстан Республикасының ведомстволық білім беру ұйымына бірінші сапары.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы ІІМ орталық аппаратының өкілдері қатысты, олар бұл кездесудің халықаралық ынтымақтастықтың одан әрі тиімділігі үшін маңыздылығын атап өтті.
Тараптар жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ынтымақтастықтың келешегін және біліктілікті арттыру курстары бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуді талқылады.
Сонымен қатар оқу орындарының жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөліністерінің жас ғалымдары мен жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының өзара ынтымақтастығы, тағылымдамадан өту мәселесі қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру мекемелерінің мүдделері мен олардың мүмкіндіктеріне сәйкес одан әрі өзара әрекет жоспарын белгіледі. Олар сондай-ақ Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюға дайын екендіктерін білдірді.
Сапар естелік сыйлықтар табыстаумен және ІІМ Академиясының оқу аудиториялары мен басқа да орындарын аралаумен аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 29 шілдесінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференцбайланыс шеңберінде Аризона университетінің (АҚШ) делегациясымен қазақстандық және америкалық жоғары оқу орындар арасындағы ғылыми және академиялық даму саласындағы стратегиялық серіктестік мәселесін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Аризона университетінің Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық серіктесі болу бастамасын қолдады және былай деп атап өтті:
– Соңғы жиырма жыл ішінде біздің еліміз жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жандандырды. Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік көптеген қызмет салаларын қамтиды. Ғылыми зерттеулер мен студенттер мен оқытушылар алмасу саласындағы ынтымақтастық ерекше маңызды, – деді Мемлекет басшысы.