Интернет-алаяқ СҚО тұрғындарына шетелдік автокөліктерге арналған жалған қосалқы бөлшектерді сатқан
Интернет-алаяқ СҚО тұрғындарына шетелдік автокөліктерге арналған жалған қосалқы бөлшектерді сатқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктінің өзін-өзі ұстауы жәбірленушіге күмәнді көрінген. Бірақ алаяқ басым түсіп, жәбірленушіні уысына түсірген.
Шымкент қаласының бұрын сотталған 55 жастағы тұрғыны Kolesa.kz сайтында автокөліктерге арналған қосалқы бөлшектерді сату туралы хабарландыру орналастырған. Оның бұл хабарландыруын екі солтүстікқазақстандық көріп үлгерген. Алаяқ өзін дүкен иесі ретінде таныстырып, сатып алушыларды сендіреді. Жәбірленушілер Lexus пен Toyota автокөліктерінің бөлшектері үшін оған 20 мың және 145 мың теңге аударған. Алаяқ Toyota-ның иесіне WhatsApp арқылы жеке куәлігінің фотосуретін жібереді. Бірақ алаяқ айтқан мәлімет пен жеке куәліктегі адамның аты-жөнін бір-біріне сәйкес келмеген болып шықты. Сатушы бұнысымен тоқтамай, бұл құжаттың сол фирмадағы қызметкерлердің біріне тиесілі екенін айтады. Алдын ала төлемге қол жеткізген алаяқ байланысқа шығуды доғарып, ізім-қайым жоқ болған.
Солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер қылмыскерді анықтады. Жәбірленушілермен сөйлескен уақытта әлдебір жұмыссыз адамның картасы мен фотосуреттерін пайдаланғаны анықталды. Оның бұндай қулыққа барғанын құжат иелері мүлдем білмеген.
– Қазіргі уақытта интернет-алаяқ сотталып, 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатыр. Сондай-ақ, егер сатушының адалдығына толық сенімділік болмаса, алдын ала төлем жасауға келіспеуді сұраймыз. Бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді талап еткен жөн. Алаяқтар әдетте бет-әлпетін жасырып, сөйлесуге келіспейді. Құжаттардың фотосуреттеріне сенбеңіздер. Өйткені алаяқтар бөгде адамдардың құжаттарын пайдаланады. Өздеріңіздің де құжаттарыңызға бас-көз болыңыздар. Олар да қылмыстық әрекетте пайдаланылуы мүмкін – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.