Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішімдіктен бас тартқан ауыл тынысы: терезесі тең Теңдік пен қаймағы бұзылмаған Қарағай

Солтүстік Қазақстан облысындағы қос ауыл ішімдіктен бас тартқан. Бірі – Тайынша ауданында орналасқан Теңдік ауылы болса, екіншісі – Есіл ауданының Қарағай ауылы. Мұнда дүкен сөрелерінен ешқандай да спирттік ішімдік таба алмайсыз. Бұл – тұрғындардың ортақ шешімі. Салауатты өмір салтын қолдайтын ауылдардың тынысымен Polisia.kz сайтының тілшісі танысып қайтты.

Теңдік ауылында 2002 жылы мешіт салынған. Сол жылдан бастап жергілікті тұрғындар Орынбай қажының (ауыл ақсақалы) бастамасымен ішімдіктен бірауыздан бас тартқан. Айта кету керек, мұнда Моңғолиядан көшіп келген қандастармен қатар Оңтүстік өңірден Солтүстік аймаққа қоныс аударған отбасылар да бар. Ауыл әкімі Ержан Қасқұлақовтың сөзінше, адамдардың саналы түрде арақтан бас тартуына ең алдымен мешіт себеп болған.

– Қазіргі таңда ауылымызда 307 адам тұрады, 85 үй бар. Жергілікті кәсіпкер Ақан Әлжан ауылға, әкімшілікке, мектепке өзінің көмегін көрсетуде. Шеттен келген кісілерге үй беріп, жұмыспен қамтамасыз етуде. Бізде Моңғолиядан, Шымкенттен, Қызылордадан және тағы басқа жақтан көшіп келген азаматтар бар. Сондай-ақ көшіп келген отбасыларға бірінші жылы тегін отын (көмір, ағаш) беріледі. Сырттан келгендерге мұнда ешкім ішімдік ішпейтінін, алкоголь сатылмайтынын ескертеміз. Олар да осы ережені бірден қолдап, ауылымызға сіңісіп кетіп жатыр, – деді ауыл әкімі.

Теңдік ауылының тағы бір ерекшелігі – мұнда соңғы жылдары ешқандай құқық бұзушылық пен қылмыс тіркелмеген. Мал ұрлығы мен тұрмыста орын алатын қылмыс та жоқ. Бұл – ересектердің иман жолына бет бұрып, жастардың спортпен шұғылданып, әкімдік пен учаскелік полицияның бірлескен жұмысының арқасында.

– Алдын алу, яғни профилактикалық жұмыстарға аса мән береміз. Малдың қараусыз бос жүруін, олардың қатысуымен орын алатын жол апаттарын болдырмауға байланысты әкімдік қызметкерлері ауылымыздың учаскелік инспекторымен бірге үйлерді аралап, ескерту жұмыстарын жүргізеді. Қылмыстың жоқтығы, келеңсіз жәйттердің болмауы – алдын алудың жемісі деп айтуға болады, – деді Ержан Қасқұлақов.

Полиция аға лейтенанты Жамбыл Қайыров Теңдік ауылының учаскелік инспекторы болып 2021 жылы тағайындалған. 1996 жылы туған офицер – осы өңірдің тумасы. Бұрын жол-патрульдік полициясында қызмет атқарған. Енді ауыл азаматтарының игілігі үшін еңбек етуде.

– Ауылда қылмыс болмағанымен жұмыс жетерлік. Тұрғындармен үнемі әңгімелесіп, хәл-жағдайларын біліп тұрамын. Дүкендердің арақ-шарап сатуға рұқсатнамасы бар, бірақ мұны өздері қолдамайды. Өйткені сұраныс жоқ, – деді учаскелік полиция инспекторы.

Тәрбие – тал бесіктен. Аға буынның оң әрекетінен үлгі алған мектеп оқушыларының арасында да тәртібі бойынша есепте тұрғандар жоқ. Барлығы дерлік спортпен шұғылданады. Мұнда уақытын текке өткізіп жүргендерді кездестірмейсің.

– Балаларымыз ұлттық спорт түрлеріне бейім. Тоғызқұмалақ, қазақ күресі, бес асық, асық ату ойындарынан облыстық сайыстардың жеңімпаздары бар. 2018 жылы мектеп жанынан демеушіміз (жеке кәсіпкер) қаражат бөліп, спорттық алаң салып берді. Ауылымызды Тайынша ауданындағы іргесі сөгілмеген елді мекендердің бірі деп атауға болады, – деді сұхбатында Теңдік орта мектебінің директоры Сейтжан Шаймерденов.

Мектеп директорының өзі бұл ауылдағы қызметін 2016 жылы бастаған. Алғаш келгенінде “арақ ішпейтін” ерекше ауылға таңырқай қарағанын жасырмайды. Ал қазір керісінше “арақ қойылатын” той-жиын таңсық әрі жат көрінеді, – дейді ол.

Тағылымы терең Теңдіктің мақтауға тұрарлық тұстары көп. Бұл ауылдан Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырлар мен бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп, жеріміздің көркеюіне үлес қосып келе жатқан тұлғалар шыққан. Олардың қатарында күн-түн демей қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін күзеткен ішкі істер органдарының қызметкерлері жетерлік.

мектеп мұражайынан

Ауыл көшелерінде алаңсыз жүрген балалар, жұмысына қамсыз кіріскен ата-аналар. Осының барлығы тату-тәтті елдің көрінісі.

Бірлігі жарасқан осындай екінші ауыл – СҚО Есіл ауданы Бұлақ ауылдық округінің құрамына кіретін Қарағай ауылы. Мұнда да жергілікті жұрт ішімдіктен бас тартқан. Тұрғындардың басым бөлігі зейнеткерлер мен орта буынды адамдар. Жастар уақыттарының негізгі бөлігін қалада, яғни оқуда өткізеді. Ал мектеп жасындағы балалар Бұлақ ауылындағы орта мектепте оқиды. Олар тегін тамақпен және оқу ошағына тасымалдайтын көлікпен қамтылған.

– Тұрғындар егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдың атмосферасы өте тамаша. Бізде ішімдік сатылмайды. Соның арқасында ешқандай қылмыс тіркелмеген. Ауылда ақсақалдар алқасы бар. Олармен үнемі ақылдасып, кеңес алып отырамыз, – деді Бұлақ ауылдық округінің әкімі Болат Бейсенбаев.

Ауылдың учаскелік инспекторы Қанат Жанғарин Қарағайдан бөлек Ақтас, Бұлақ сынды екі ауылға жауап береді. Полиция подполковнигі ішкі істер органдарында 2001 жылдан бастап қызмет етеді. Ал учаскелік инспектор қызметіне 2018 жылы кіріскен.

– Ауылдардың аралары 5-7 км. Қатты алыс емес. Ауданнан 65 км жерде орналасқан. Қарағай ауылында халықпен қарым-қатынас өте жақсы. Үйлерді жиі аралап тұрамын. Әкіммен, ақсақалдар алқасымен тығыз жұмыс істейміз. Үш ауылда да менде WhatsApp чат бар. Әрбір ауылдан 60-70 адамнан тіркелген. Тұрғындарға қажетті ақпараттарды сонда жіберіп отырамын. Онымен қоса интернет- және телефон-алаяқтарынан қалай сақтануға болатыны туралы буклеттер жіберемін, – деді полицей.

Ауыл тұрғындары учаскелік инспекторға дән риза. Айтуларынша, мұнда қылмыс болмаса да, тәртіп сақшысы олардың күнделікті өмірінде жиі көмектесіп тұрады.

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген қазақта керемет сөз бар. Жақсы ауылдардың бұл үрдісін көпшілікке үлгі ету мақсатында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов СҚО тұрғындарымен кездесуде Теңдік пен Қарағайдың әкімдерін шақырып, жұрт алдында марапаттаған болатын. 

Марат Ахметжанов пен Ержан Қасқұлақов 

Марат Ахметжанов пен Болат Бейсенбаев

ІІМ басшысы учаскелік инспекторларды да ұмыт қалдырған жоқ. Оларды әріптестерінің алдында, Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің жеке құрамымен кездесуде марапаттады.

Азғындық атаулының бастауы – арақ. Ащы судан бас тартқандардың қатары көбейсе, еліміздің де “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” тыныш қоғамға бір табан жақындай түсері сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру