Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында «Парасатты полицей» республикалық байқауы өтті

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында «Парасатты полицей» республикалық байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер министрлігінде  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, сондай-ақ Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу, ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау мақсатында дәстүрлі «Парасатты полицей» республикалық байқауы  биыл онлайн форматта өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру, қолданысын кеңейту, мемлекеттік тілге, еліне, Отанына деген құрметін арттыру, тілдік ортаны қалыптастыру және тіл мәдениетіне тәрбиелеу.

Байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстардың, Көліктегі полиция департаменттері қызметкерлерінен, оның ішінде өзге этнос өкілдері бар 17 команда қатысты.

Аталған байқауға ҚР ІІМ Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің бастығы полиция полковнигі А. Махамбетова, Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан Қазақстандық ардагерлер ұйымының  мүшесі полиция полковнигі С. Қарақыстық, ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Б. Бейсеев, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің тілшісі Б. Әділжан, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы А.Қ. Көкен қазылық жасады.

Үзбей қатарынан 11 жылдан астам уақыт өткізіліп келе жатқан байқауда биылғы жылы төмендегі командалар жүлдеге ие болды:

Бас жүлде  – Нұр-Сұлтан қаласының ПД

І орын – Батыс Қазақстан обл. ПД

ІІ орын – Алматы облысының ПД, Қостанай облысының ПД

ІІІ орын – Ақмола облысының ПД, Көліктегі ПД, Түркістан облысының ПД

Номинациялар

«Көрермен көзайымы» – Қарағанды облысының ПД

«Тілі басқа тілегі бір» – Илья Плындин (Шығыс Қазақстан облысы)

«Өнерлі команда» – Ақтөбе облысының ПД

«Көркемсөз шебері» – Солтүстік Қазақстан облысының ПД номинациялары бойынша да марапатталды.

«Парасатты полицей» байқауы ішкі істер органдары қызметкерлері арасында кеңінен танымал, оған қатысу – әр қызметкер үшін мәртебе.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру