Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында 57 млн теңге алаяқтыққа қатысы бар жігіт 4 жылға сотталды

Түркістан облысында 57 млн теңге алаяқтыққа қатысы бар жігіт төрт жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының тәжірибелі қызметкерлері мен Сарыағаш АПБ полицейлерінің кәсіби шеберлігі арқасында жәбірленушіге ірі көлемде шығын келтіріп, алаяқтық жасаған күдікті жігіттің кінәсі дәлелденіп, соңында сотталды. Түркістан облысы тергеушілерінің тиянақты тірліктерінің нәтижесінде, ашылған бұл алаяқтық қылмысы туралы ашып айтсақ:

2020 жылдың қараша айында Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Кәсіпкерлікпен айналысатын жәбірленушінің айтуынша, ол Нұр-Сұлтан қаласында пісте өнімін арзан бағада сататын адам барын естіп, бірден телефон арқылы 500 тоннасына тапсырыс берген. Осылайша, телефонмен тілдескен сатушының есепшотына 57 миллион теңгеден астам ақшасын аударып жіберген. Алайда арадан 20 шақты күн өтсе де, сарыағаштық тұрғын ешқандай пісте өнімін алмаған, не ақшасын қайтара алмай қалған. Содан алаяққа алданғанын біле сала, бірден полицейлерге арызданған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Аса ірі мөлшердегі алаяқтық қылмысын ашуға облыстық Тергеу басқармасының қызметкерлері де тартылған. Жедел-тергеу тобы қажетті іс-шараларды жүзеге асырып, алаяқтық жасаған жігіттің ізіне түсіп, 3 тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан ұстайды. Оны Сарыағаш АПБ-не жеткізеді. Ұсталған күдікті өз кінәсін толығымен мойындап, қамауға алынған.

Аталған істің басы-қасында жүріп, күдіктінің кінәсін нақты дәлелдермен сотқа жолдап, соңына жеткізген Сарыағаш АПБ-нің аға тергеушісі полиция майоры Абдукаримов Файзулла Махамбетұлы. Өз кезегінде осы қылмыстық іс бойынша бес ай бойы тергеу жүргізген аға тергеуші Ф.Абдукаримов:

– Аталған іс бес томды құрады. Тергеу барысында біршама қиындықтар кездесті. Даулы оқиға болғандықтан, жалтару, мойындамау деген секілді жағдайлардың орын алатыны белгілі. Дегенмен қызмет барысында алынған тәжірибеміздің арқасында нақты дәлелдемелерді жинақтадық.

Атап өтсем, күдікті сатып алушымен тікелей кездеспеген. Соны пайдаланып, есепшотына тауар үшін келіп түскен аса ірі мөлшердегі ақшаны оңай жолмен иеленіп кеткен. Яғни үлкен көлемдегі қаражатты көріп, ойы өзгеріп, жеңіл жолмен ақша тапқысы келген. Сондай-ақ, жәбірленушінің ақшасын өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Жас жігіттен айғақты зат ретінде 20 миллион теңге ақша, алаяқтық жолмен тапқан ақшаларға сатып алынған “Сhevrolet Malibu”, “Chevrolet Tracker” маркалы жеңіл автокөліктер және соңғы үлгідегі “iPhone 11 Pro”, “Samsung” маркалы ұялы телефондар тәркіленіп алынды. Ақшаның қалған бөлігін таныстарына қарызға берген болып шықты. Нұр-Сұлтандық күдіктіге қатысты жинақталған іс құжаттар айыптау актісімен сотқа жолданды. Сарыағаш аудандық соты 24 жастағы күдікті жас жігітті ҚР ҚК-нің 190-бабымен кінәлі деп танып, жәбірленуші тараптың кешірім беруін ескере отырып, 4 (төрт) жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, – деп атап өтті.

Осы секілді талай істерді соңына жеткізіп, кінәлінің жазалануына ықпал етіп жүрген аға тергеуші Файзулла Абдукаримов 1978 жылы дүниеге келген, Сарыағаштың тумасы. Туыс ағаларының форма киіп, ел қорғап жүргенін көріп өскен бала, кішкентайынан полицей болуды армандайды. Осы мақсатта Қарағанды Заң институтын 2000 жылы тәмамдап, арманына қол жеткізеді. 20 жылдай ішкі істер саласында қызмет етіп келе жатқан полицей, бұл мамандықтың иесі – асқан шыдамды, жауапкершілігі мол, қырағы, батыр жүректі, намысты болу керек дейді.
Бүгінде жұбайы екеуі 3 бірдей перзенттің ата-анасы атанып отырған бақытты жанұя. Сөз соңында отбасының тірегі, жәбірленушілердің қорғаны, өз ісінің нағыз маманы болып жүрген полицей Файзулла, елге еңбек етуден шаршамайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру