Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Келер жылы Қызылорда облысында 1400 бейнебақылау жүйесі орнатылады

Келер жылы Қызылорда облысында 1400 бейнебақылау жүйесі орнатылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда аймақта 18 969 бейнебақылау камерасы жұмыс істесе, оның 7 148-і жедел басқару орталығына қосылған. Одан бөлек, облыс орталығындағы азаматтар көп шоғырланатын орындарда «SOS» дабыл батырмасының 15 құрылғысы орнатылған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында тиісті сала мамандарымен «Ақылды қала» тұжырымдамасының қауіпсіздік бағыты талқыланды.

– Аймақты цифрландыру «Ақылды» қалалардың эталондық стандарты аясында жүзеге асырылады. Бүгінде облыста 20 «Аркан» жылдамдық өлшеуіш құралы қаладағы жол-қозғалыс оқиғаларының алдын алуға жұмыс істеуде. Сонымен қатар облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы мен «Көркем Телеком» ЖШС мекемесі меморандумға отырып, Қызылорда қаласына пилоттық режимде 100 бейнебақылау және 10 «Стационарлық жылдамдық өлшегіш» қондырғысы орнатылып, іске қосылды. Өңірдегі бейнекамералардың артуы қылмыс санының азаюына өз ықпалын тигізуде. Алдағы уақытта 1 400 камера, 19 интеллектуалды қиылыс пен 58 жылдамдық өлшегіш және жедел басқару орталығын қайта жаңғырту жоспарланып отыр, – деді Қызылорда облыстық полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы Алмат Жүнісов.

Сондай-ақ Алмат Жүнісов бейнебақылау камераларының саны артып, толығымен жұмыс жасауы арқылы өңірдегі жол ережелерін бұзу өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 636-ға азайғанын айтты.

– Жүргізушілердің арасында көлік құралдарын басқару мәдениеті жақсарған. Сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асырылды. Қала бойынша 44 білім беру ұйымы толық бейнебақылау камераларымен, дабыл батырмасы және полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған, – деді спикер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру