Кентауда сауда үйінен 9 телефонды қолды еткен күдікті құрықталды
Кентауда сатушы жігіт жұмыс орнынан 9 телефон ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөліміне электронды техника сататын сауда орталығының басшысынан арыз түсті. Оның айтуынша, сатылымда тұрған 9 Iphone телефонын белгісіз біреу жымқырып келген. Жәбірленшуіге келген шығын көлемі – 6 млн теңге. Мән-жайды анықтау үшін тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, қажетті шараларды атқарды. Куәлардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Арнайы бейнебақылау камералары тексерілді.
Нәтижесінде тәулік ішінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол сауда үйінің сатушысы, жас жігіт болып шықты. Анықталғандай, күдікті жігіт осы сауда орнынан телефондарды біртіндеп жымқырған. Содан соң телефондарды ломбардқа өткізіп, ақшасын өз пайдасына жаратқан. Жас жігіттен қолды болған телефондардың бір бөлігі тәркіленіп, иесіне тапсырылды.
Аталған факт ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеуге алынды. Қазіргі таңда күдіктінің қылмысы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.