Кентаулық полицейлер кезекті ұрлық қылмысын ашты
Кентаулық полицейлер кезекті ұрлық қылмысын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келеді. Оның айтуынша бітпей тұрған құрылыс үйіне белгісіз біреулер терезе арқылы кіріп, құны 100 мың теңге болатын 320 метрлік электр сымдарын ұрлап кеткен. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Кентау ҚПБ-ның полицейлері осы ұрлық жайтын ашу мақсатында оқиға орнына тез арада келіп, қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аймақтарды мұқият тексеріп шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Соның нәтижесінде небары бір тәулік ішінде күдікті ұсталды.
Тергеу барысында анықталғандай, ұсталған күдікті азамат жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін толық мойындаған күдікті бас пайдасының қажеттілігі үшін осындай әрекетке барған. Күдікті 20 жастағы азамат, түнгі 3-тер шамасында ешкім жоқтығын пайдаланып, ұрлық жасаған. Сондай-ақ күдікті электр сымдарын базарлардың біріне сатып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 20 жастағы күдіктінің бас шарасы қамауда.
Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді.
Сонымен қатар дүкенді ашық күйде қалдырмай, есік-терезелердің жабылғандығына толық көз жеткізіп алыңыздар. Ұрлық орын алған сәтте, тез арада полицияның «102» телефоны арқылы хабар беріңіздер деп ескертеді.