Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік жүргізушінің кейпіне енген мақтааралдық полицей күдіктілерді ұстады

Көлік жүргізушінің кейпіне енген полицей күдіктілерді құрықтап, қылмыстың алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жуырда Мақтааралдық полицейлер бес бас жылқы ұрламақ болған күдіктіні қылмыс үстінде ұстады. Көлік жүргізушінің кейпіне енген полицей күдіктілерді құрықтап, қылмыстың алдын алды.

Кеңірек айтар болсақ, ұрыларды ұстау операциясы тура кинодағы сценарий секілді өрбіген. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті азамат жергілікті тұрғындардың біріне хабарласып, жайылымда жүрген бес бас жылқыны алып кету үшін көлік сұрайды.

Сондай-ақ, жылқыларды ауыл шетіндегі қорадан ұстайтындығын айтқан. Алайда, тапсырыс берушінің іс әрекетінен күмәнданған тұрғын бірден полицейлерге хабар берген.

Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкері Ержан Жылқыбаев қылмысты ашу үшін аталған мекенжайға көлік жүргізушісі болып барып, күдіктіні қылмыс үстінде ұстады.

Белгілі болғандай, Жетісай ауданының тұрғыны ұрлықты 800 мың теңге қарызын жабу үшін жасамақ болыпты. Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 1 750 000 мың теңгені құрады. Айғақты зат ретінде жоғалған жылқылар өз иесіне қайтарылды. Бүгінгі таңда күдікті азамат қамауда.

Бұл Ержан Жылқыбаевтың тұңғыш ерлігі емес. Жедел уәкіл бұдан алдын да біршама істерді ашып, басшылық тарапынан алғыс хаттарға ие болған. Әріптестерімен өткен жылдың басында бес пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктілерді құрықтаған. Кейіннен олар сотта қылмысын мойындап, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылыпты.

Мақтарал аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Ержан Жылқыбаев бұл салада абыройлы қызметімен танылып келеді.

– Ішкі істер органында жұмыс жасау аса жауапкершілікті талап етеді. Жүктелеген міндет, артылған сенім бар. Барлығының үдесінен шыға білу керек. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Қиын мамандықты таңдағаным үшін еш өкінбеймін, – дейді ол.

Мақтарал ауданы, Атакент ауылында дүниеге келген Ержан Тасболатұлы сондағы орта мектепте білім алған. Ағалары мен нағашыларының форма киіп, шен таққанын көріп, құқық қорғау саласында еңбек етуді алдына мақсат етіп қояды. Арманына қол жеткізу жолында көп ізденеді. Осы жолда жүріп, кейіннен Шымкент қаласында орналасқан М.Әуезов атындағы ОҚМУ – да “Заңгер” мамандығын меңгерді. Ал, еңбек жолын елордадағы Сарыарқа ауданында жедел уәкіл болып бастады. 2018 жылы туған жерге оралды. Қазіргі кезде қызметін аудандық полиция бөлімінде жалғастыруда.

Жалпы Мақтарал ауданының Атакент кенті шекаралы аймаққа жатады. Көршілес Өзбекстан мемлекетімен араны жалғайтын жол бар. Өткен жылы тәртіп сақшылары шекара қызметімен бірлесіп аудан тарихында болмаған қылмысты ашты. Яғни, екі келі героин тасымалдаушыны ұстап, есірті тасымалына тосқауыл қоя білді. Тәжікстан азаматы Өзбекстанның екі шекара бекетінен білдірмей өткенімен, Қазақстан аумағына кірген тұста тәртіп сақшыларының қолына түседі. Бұл қырағылығы үшін тәртіп сақшылары облыстық полиция департаменті бастығынан және аудан әкімі мен прокуратура тарапынан да арнайы алғыс хаттарға ие болды.

Бүгінде мақтаралдық полицейлер пәтер ұрлығы мен мал ұрлығын жасаушылардың жолын кесуде. Тіпті кейбірін қылмыс үстінде ұстап, алдын алу жұмыстарын жедел атқаруда.

– Түнгі мезгілде екі қойды көлікке тиеп жатқан адамдарды күдікті ретінде ұстадық. Кейін қойларды ұрламақ болғандары анықталды. Іс сотқа өтіп, күдіктілер заң жүзінде жазаларын алды, – дейді ол.

Ержан бос уақытын отбасына арнайды. Спорт залға бару – ол үшін күнделікті әдетті іс. Денесі шымыр, өзі алғыр жігіт дзюдодан спорт шебері.Қоғамның тыныштығын сақтап, қандықол қылмыскерді құрықтау ісінде күндіз-түні қалтқысыз қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің қашанда еңбегі жоғары.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру