Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да тергеуші өз үйінде жолда құтқарылған отбасыны түнетті

Солтүстік Қазақстан облысында тергеуші өз үйінде жолда құтқарылған отбасыны түнетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО Полиция департаменті бастығы Марат Төлебаевтың атына қызметкерлердің кәсібилігіне қатысты жылы лебіздермен алғыс хаттар келіп түсуде. Жеке сот орындаушысы Гүлнар Күзембаева Петропавл қ. әкімшілік полиция бөлімінің қызметкері Нариман Теміркенов туралы жазған. Ол алиментті және басқа да берешектерді өндіріп алу бойынша өткізілетін бірлескен рейдті ұйымдастыруға жауапты екен. Мұндай рейдтер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Гүлнар Жұмағұлқызы полицейлердің жауапкершілігін, борышкерлермен жүргізетін профилактикалық әңгімелердің тиімділігін атап өтті.
Тағы бір хатта қала тұрғыны СҚО Полиция департаменті Процессингтік орталығының мемавтоинспекторы Әдемау Меңдібаеваға алғысын білдірген. Полицей оған сатылған көлігіне салық салу мәселесі бойынша көмек көрсеткен екен.

– Мұнда барлық қызметкерлеріміздің еңбегі бар, – дейді Әдемау. – Мән-жайды мұқият зерделегеннен кейін олар алдағы әрекеттердің тәртібін ұсынды, бұл дәл осы жағдайға септігін тигізді. Автокөлік иелері қиындыққа тап болмаулары үшін көлікке қатысты барлық құжаттарды, тіпті сатып жібергеннен кейін де сақтау қажет.

М. Жұмабаев ауданының тұрғыны бейне жазба түсірген. 23 ақпан күні болған боранда шақырту бойынша шыққан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері – тергеуші Асхат Әубәкіров, жедел уәкіл Сағындық Нұрғалиев, криминалист Сергей Трайлин және полиция қатарындағы Артем Маренков қарда батып қалған екі автокөлікті байқайды. Бір көліктің ішінде таксист және екі баласымен жүкті әйел болған. Тәртіп сақшылары көлікті қар құрсауынан алып шығып, жас отбасыны үйлеріне жеткізген.

Есіл ауданында тергеуші Динара Ғаббасова өз үйінде жолдан құтқарылып әкелінген отбасыны түнетті. Ол аудан орталығы Явленкадағы жылыну пунктінде жанында немересі мен қызы бар әжейді байқап, үйіне түнеуге шақырады, бұл кезде олардың отағасы жолда тоқтап қалған көліктерін жөндеумен айналысып жүрген. Полицей жасаған әрекетіне алғыс білдіру артық деп есептейді.

– Полицейлер, құтқарушылар, “Қазавтожол” қызметкерлері, еріктілер – барлығы аянбай еңбек етті, – дейді ол. – Аудан әкімінің орынбасары Серік Бимақанов адамдарды орналастырумен айналысты. Қонақтарымды жолдан “Агрохимснаб” ЖШС инженері Игорь Степанюк сүйреп әкелген. Ол да автоколоннамен жүріп келе жатқан, көліктің істен шыққанын көріп, көмектескен. Барлығы барынша көмек көрсетті, мен де қолымнан келгенінше көмек көрсеттім.

Динараның балалары – 21 жастағы қызы мен 17 жастағы ұлы жағдайға түсіністікпен қарап, жолаушыларды күтуге көмектесті.

– Мұндай жағдайлар жеке құрамның жедел қызметке қатысты даярлықтарын ғана емес, жұмыс нәтижесіне деген қызығушылықтарын көрсетеді, – деп атап өтті СҚО Полиция департаменті бастығы Марат Төлебаев. – Адамдарға көмек көрсету – полиция қызметкерлерінің мақсаты, алғыс алдағы қызметке ынталандырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру