Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысы бас полицейінің кері байланысына азаматтар алғыс айтуда

Түркістан облысы бас полицейінің кері байланысына азаматтар алғыс айтуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбековтің әлеуметтік желіде белсенділік танытып, тұрғындармен тікелей байланысып жүргеніне міне екі жылға жуық уақыт болып қалды. Яғни департамент бастығы “Facebook” парақшасына күнделікті уақытын арнап, тұрғындарды қылмыстардан сақтандыру, оларға ескертулер мен сақтық шараларын ұстану керектігін айтып, түрлі жазбалармен бөліседі. Облыстың бас полицейі өткен жылы желіге 400 жарияланым жасаса, 100-ден астам сауалдарға жауап беріп, қалың көпшіліктің риясыз алғысына бөленген болатын. Бұл жағдай әлі де дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Полиция генерал-майоры облыстағы қылмыс туралы жаңалықтарды, қажетті кеңестерді, заңдағы өзгерістерді және қызметтестері туралы мұрағаттан алынған суреттерін де парақшасына салып отырады.

Ол өз сөзінде: – Сіздермен бірге атқарылып жатқан мұндай кері байланыс менің өз қызметкерлерімнің жұмыстары туралы біліп, олардың іс-әрекеттерін бақылап отыруыма да оң септігін тигізуде. Сондықтан желі арқылы сіздермен әрдайым байланысты үзбей, жазбаларымды жариялап, маман ретінде ескертуімді айтуға мүмкін берілгеніне әуелі Аллаға, содан соң баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Алла аманшылығын берсе, баршамыз да мәнді де сәнді, қылмысы мүлде жоқ қоғамда өмір сүруге лайықпыз. Облысымыз қазірдің өзінде республикада қылмысы ең төмен аймақ болып есептелді. Бұл көрсеткіш біз үшін де әжептеуір нәтиже. Сол себепті алдағы уақытта да осы көрсеткішті бұдан да жақсы деңгейге жеткізіп, биік белестерге бірге жетеміз деп сенемін. Сіздер секілді қылмыс пен құқықбұзушылыққа көз жұма қарамайтын жанашыр жандардың барында, облысымыз өркендеп, қылмыссыз қоғам қалыптастырамыз деген үміттемін. Ешқандай ұлт пен ұлысты бөлмей, барлығын құшағына сыйғызған қара шаңырағымыз Қазақстанымыздың заңдарына әркез құрметпен қарайық! Өзіміздің жарқын болашағымыз үшін, әдепті, мәдениетті болайық және арам пиғылды іс-әрекеттерге мүлде бармайық. Біз біргеміз!, – деген болатын.

Өз кезегінде желі қолданушылары полиция басшысына алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жаудырды.

Мысалы, желі қолданушысы Жазира Қалдыбаева: – Сіздің барша пост пен публикацияңызды мұқият оқимын, риза боламын, полицейлерге деген құрметім өсті, көзқарасым өзгерді, қорғаныш болар жақсы жандардың бар екеніне дән риза болып, көз жеткіздім! Деніңіз сау болсын! Нәтижелі жұмысыңыз табыспен ұлассын!, – десе, Нұржамал Сланова: – Керемет! Халықпен әрқашан да жаңалықтарды т.с.с бөлісіп отырғаныңызға. Алла разы болсын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді.


Ал Әділ Амангелдин атты желі қолданушысы өзінің арманын айтып, ақжарма тілегін жеткізді.

– Құрметті Қайрат аға сіз басшылық жасап отырған құқық қорғау саласы өте күрделі әрі қызықты сала. Менің әкем де осы салада 25жыл үздіксіз қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты. Өскенде мен сіз, әкем сияқты құқық қорғау саласында халық үшін қызмет етемін деп шештім. Алдағы уақытта халық үшін аянбай етіп жатқан қызметіңіз тек алға өрлей берсін деймін. Мен сіздің әлеуметтік желідегі жариялап отырған жаңалықтарыңызды үнемі оқып отырамын. Келешекте арманым генерал болу!

Айта кететін жайт, Полиция департаментінің бастығы карантин талаптарын сақтай отырып азаматтарды қабылдаса, “ZOOM” қосымшасы арқылы онлайн режимде де тілдесуді ұмытпайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру