Кофе стақанындағы ескерту: СҚО-да полицейлер ерекше акция бастады
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер "Заң мен тәртіп" қағидатын күнделікті өмірде насихаттаудың тың тәсілін қолға алды. Тәртіп сақшылары жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, танымал өнімдерге құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікке қатысты қысқа әрі маңызды ескертулері бар стикерлер жапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ерекше акция Ішкі істер министрлігі басшылығының бастамасымен ұйымдастырылуда. Солтүстік Қазақстан облысында ол "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күнінде басталды.
Акцияның басты мақсаты – тұрғындарға, әсіресе жастарға, "Заң мен Тәртіп" әр адамның күнделікті әрекетінен басталатынын жеткізу. Осыған байланысты жастар арасында кең танымал кофе мен пицца сияқты өнімдер ақпараттық алаң ретінде таңдалды.

Мәселен, "Оңтүстік" бақылау-өткізу бекетінде полицейлер жүргізушілерге "Заң мен Тәртіп" логотипі бейнеленген кофе ұсынып, жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтаудың маңызын еске салды.
Ал пицца қораптарына қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпке қатысты қысқа ескертулер орналастырылды.

Кофе стақанындағы немесе пицца қорабындағы бірнеше сөз қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда полицейлердің пікірінше, мұндай шағын ескерту адамның күнделікті қарбаласта бір сәт ойланып, маңызды нәрсені еске түсіруіне себеп болады.
Қауіпсіздік – тек полицияның емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Ал "Заң мен Тәртіп" әрқайсымыздың қарапайым күнделікті таңдауымыздан басталады.
