Көкшетауда ГАЗель автокөлігін айдап кеткен күдікті ұсталды
Көкшетауда ГАЗель автокөлігін айдап кеткен күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау тұрғыны түнгі уақытта қалдырылған ГАЗель автокөлігін айдап әкетушінің жеңіл олжасына айналды. 17 шілдеде қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын жүгінді, ол таңертең Южный көшесіндегі көппәтерлі үйдің тұрағына қойған автокөлігін таппады. Сондай-ақ, өтініш беруші автокөліктің кілттері оталдыру құлыпында қалғанын, яғни қаскүнемге көлікті ұрлау қиын болмағанын хабарлады.
Өтініш түскеннен кейін полицейлер ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі (Айдап әкету) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге кірісті. Қылмыс жасалған ауданда орнатылған бейнебақылау камераларын қарау кезінде полиция қызметкерлерінің назарына ұрланған автокөлік түсті: түні бойы қаскүнем онымен қала ішінде жүріп, Уәлиханов көшесінде қалдырған. Патрульдік полиция батальонының экипажы сол күні ГАЗельді тауып, заңды иесіне қайтарды.
Жүргізілген іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, 20 шілдеде криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері көлікті көрші Солтүстік Қазақстан облысы Темирязев ауданының 30 жастағы тұрғыны айдап әкеткендігін анықтады. Ұсталған азаматтың түсіндіруінше, ол ашық тұрған көлікті байқап, жаңбырдан жасырынған, кейін кілттерді көріп, түнгі қаламен жүріп келуді шешкен.
Қазіргі уақытта аталған қылмыстық істі тергеу жалғасуда.