Көкшетауда психотроптық зат таратқан елорда тұрғыны ұсталды
Көкшетауда психотроптық зат таратқан елорда тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамыр айында облыс орталығындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының 33 жастағы тұрғынын ұстады.
Елордалықты жедел уәкілдер оқиға орнында ұстады, ал жеке тінту кезінде ерекше иісі бар ақ, сары және көк түсті ұнтақ тәрізді 88 түйіншек табылып, тәркіленді. Сараптама көрсеткендей, тәркіленген зат салмағы 39 грамнан асатын «а-PVP» психотроптық заты, бұл өте үлкен мөлшерге жатады.
Полицейлер анықтағандай, ұсталған азамат бұған дейін елорда аумағында синтетикалық есірткі салумен айналысқан, ал биыл мамыр айында Көкшетауға келген.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігімен (Есірткі заттарымен заңсыз қарым-қатынас жасау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, айыпталушы тергеу кезеңінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.