Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда ҰОС және ІІО ардагеріне арнаған мемориалдық тақта ашылды

Көкшетауда ҰОС және ІІО ардагеріне арнаған мемориалдық тақта ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көкшетауда әлемдегі ең ірі шайқастардың бірі – Днепрді алуға қатысқан Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Марченко Илья Тимофеевичке арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті.

Ұлы Отан соғысының ардагері, құқық қорғау органдарында 30 жылдан астам қызмет еткен отставкадағы милиция полковнигі Илья Марченконың есімі Көкшетауда мәңгі есте қалды.

Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының басшылығы мен жеке құрамы осындай бастама жасады.

Ұлы Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында құрметті ардагердің есімі жазылған мемориалдық тақта 1968 жылдан 1983 жылға дейін Илья Тимофеевич 15 жыл басқарған МКҚБ әкімшілік ғимаратының қасбетінде тұрғызылды.

5 мамыр күні Полиция департаменті басшылығының, ІІБ және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полиция полковнигі Дәуітбек Нұрғалиевтің, Көкшетау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің, Илья Тимофеевичтің қызы Раиса Ильиничнаның, ардагер-әріптестердің, МКҚБ басшылығы мен жеке құрамының қатысуымен салтанатты митинг өтті.

Іс-шара патриоттық көңіл-күй мен жеңіл қайғыға толы болды. Іс-шара қатысушылары Илья Тимофеевич туралы, оның жоғары кәсіби және моральдық қасиеттері туралы естеліктерімен бөлісті, ардагердің қандай керемет адам болғанын, қандай жетістіктерге жеткенін және болашақ ұрпақ үшін осындай батырларды еске алудың маңыздылығын атап өтті.

Раиса қызының айтуынша, оның әкесі ұзақ және адал өмір сүрген, ал туыстарына үшін арқа сүйер адам болған. Раиса Ильинична іс-шара ұйымдастырушыларына әкесін еске алғандары және үнемі қамқорлықтары мен қолдаулары үшін алғысын айтты.

Марченко Илья Тимофеевич 1925 жылы Володаровское ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Илья Тимофеевич майданға 1943 жылы, 10 сыныпты аяқтағаннан кейін бірден өз еркімен кеткен.

Алғашқы әскери дайындықты Ташкент қаласындағы пулемет-миномет училищесінде өтіп, сол жылдың тамыз айында соғыстың қызыған шағында майданға жіберілген: 3-ші Украина майданының 92-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 282-ші атқыштар полкі миномет есебінің командирі. Днепрді алу 18 жастағы Илья Марченконың өміріндегі алғашқы жекпе-жек болды, мұнда ол әскери жарақат алды.

Госпитальдан кейін болашақ милиция полковнигі өз бөлімшесіне оралып, 37-ші жеке армия құрамында полктестермен бірге Болгарияға дейін жетіп, Бургас қаласында жеңісті мамырды қарсы алды. Соғыстан кейін Илья Тимофеевич бандитизммен күресу үшін Батыс Украина аумағына жіберілді және тек 1950 жылы туған Көкшетау жеріне оралып, құқық қорғау органдарының қатарына қосылды.

Органдардағы қызметін Красноармейск ауданы Чермошняк арнайы комендатурасы комендантының көмекшісі болып бастады, ІІБ паспорттық–тіркеу бөлімінің инспекторы, ҚІІБ кезекші бөлімінің аға инспекторы, аға инспектор, кейін Көкшетау қалалық СМҰКБ (ОБХСС) бастығы болып жұмыс істеді. 1968 жылы Илья Тимофеевич Көкшетау облысы ІІБ жанындағы ведомстводан тыс күзетті басқарды, онда 1983 жылға дейін жұмыс істеді.

Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де Илья Тимофеевич ұзақ жылдар бойы сергек әрі жігерлі болып, туған ведомствосын ұмытпаған. Өкінішке орай, 2021 жылдың сәуірінде Ұлы Жеңіс мерекесіне бірнеше апта қалғанда құрметті ардагер коронавирустық инфекциядан қайтыс болды.
Іс-шараның шарықтау шегі мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты болды. Ардагердің қызы және Көкшетау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевке кенепті шешу құрметті құқығы берілді.

Митинг соңында қонақтар, ардагерлер, Илья Тимофеевичтің туыстары мен әріптестері гүл шоқтарын қойды, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының істегі қызметкерлері мерекелік маршпен өтіп, отставкадағы милиция полковнигі Илья Тимофеевич Марченкоға құрмет көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру