Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер 90 жастағы ақмолалық әжейге құжаттарды рәсімдеуге көмектесті

Полицейлер 90 жастағы ақмолалық әжейге құжаттарды рәсімдеуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында көші-қон полициясының қызметкерлері Зеренді ауданы Шағалалы ауылының 90 жастағы тұрғынына қолдау көрсетті. Тәртіп сақшылары Манеш Әубәкіроваға жеке басын куәландыратын құжатты жаңартуға көмектесті. Қарияның жасы ұлғайғандықтан қозғалу қиынға соғады және халыққа қызмет көрсету орталығына өз бетінше жүгіне алмайды.

Полицейлердің айтуынша, сайлауалды кезеңде сайлаушылар тізімін тексеру кезінде олар Зеренді ауданының тұрғынының осы жылдың қаңтар айында жеке куәлігінің мерзімі аяқталғанын білген.

Учаскелік полиция инспекторынан 90 жастағы зейнеткердің жүре алмайтынын біліп, 19 қазанда ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Жеңіс Қарақойшинов пен Зеренді АПБ полиция бөлімінің көші-қон қызметкерлері қарияның үйіне арнайы барды.

Манеш Әубәкірованың және оның туыстарының қатысуымен тәртіп сақшылары барлық қажетті бланкілерді толтырды және 3 аптадан кейін жаңа құжат дайын болды.

Көші-қон полицейлері атап өткендей, бұл жағдай олардың тәжірибесінде жалғыз емес: үйге бару және құжаттарды рәсімдеу құқық қорғау органдарының өздері үшін дәстүрге айналды.

Өз кезегінде Манеш апаның туыстары полицейлерге көрсеткен ықыласы мен қолдауы үшін алғыстарын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру