Көлігіне жалған нөмір таққан БҚО тұрғыны жауапқа тартылды
Көлігіне жалған нөмір таққан БҚО тұрғыны жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 қыркүйек сағат 00:30 шамасында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Х.Доспанов және Неусыпов көшелерінің қиылысында ер адамның басқаруында KIA SPORTAGE автокөлігі тоқтатылды.
Құжаттарды тексеру барысында аталған автокөлікке жалған мемлекеттік нөмір тіркелгендігі анықталды. ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 3-бөлімі (Көлік құралына көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнату) және 590-бабының 4-бөлімі (Көрінеу мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқару) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, жүргізуші психотроптық заттарды пайдалануға арналған наркология арқылы медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Осыған байланысты жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлімі (Ішкі істер органдары (полиция) қызметкерінің алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудың белгіленген тәртібіне сәйкес өткені туралы заңды талабын орындамау) бойынша хаттама жасалды.
Көлік арнайы тұраққа қойылды.