Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері пойыздағы өртті сөндіріп, жолаушыларды эвакуациялауға көмектесті

Екі көлік полицейі пойыздағы өртті сөндіріп, жолаушыларды эвакуациялауға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz

21 қыркүйекте сағат 04.30-да Алматы – Петропавл бағытындағы жолаушылар пойызында соңғы вагонның дизель сақталатын бөлігінде өрт шықты. Соның салдарынан жылжымалы құрам Мырза-Шоқай теміржол аралығында шұғыл аялдама жасады. Пойызда 184 жолаушы, пойыз бригадасының 32 қызметкері және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында пойызға ілесіп жүретін екі көлік полицейі болды.


Астана қаласындағы Желілік полиция басқармасы патрульдік полиция взводы қызметінің инспекторы Нұрзат Кішкентаев әріптесі Шадияр Тұрғанбекпен бірге Қарағанды сұрыптау станциясынан жоғарыда аталған жолаушылар пойызымен ілесіп жүрген.

– Пойызды түнде тексеріп өткеннен кейін біз штабтық вагонда болдық. 04 сағат 30 минутта пойыз тоқтап, жарық сөніп қалды. Жолсеріктер пойыздың артқы жағындағы вагонның өртеніп жатқанын айтты. Жолаушылар арасында дүрбелең басталды. Мен бірден 101 қызметіне қоңырау шалып, өрт сөндіру бөлімінің бригадасын шақырдым, пойыздың қай жерде тоқтағанын түсіндірдім, – дейді Нұрзат Кішкентаев.

Оның айтуынша, олар жолсеріктермен бірге жолаушыларды пойыздан 15-20 минутта эвакуациялаған. Түнгі мезгіл болғандықтан көптеген жолаушылар ұйықтап жатқан, олардың барлығын оятуға мәжбүр болған. Барлық жолаушылар эвакуацияланғанына көз жеткізгеннен кейін полиция қызметкерлері ушыққан өртпен күресе бастады. Біреулер шарпыған отты өрт сөндіргішпен, біреу құммен сөндірген.

Өрт деңгейі қауіп төндірмейтініне көз жеткізгеннен кейін барлық жолаушылар алдыңғы вагондарға қайта кіргізілді. Таңғы сағат 07:00-де жолаушылар Алматы – Астана бағытындағы жолаушылар пойызына отырғызылды. Экипаж бен көлік сақшыларының жедел әрекетінің арқасында зардап шеккендер болған жоқ.

Айта кетейік, полиция қызметі Нұрзат Кішкентаев ішкі істер органдарында 2006 жылдың мамыр айынан бастап, ал әріптесі Шадияр Тұрғанбек 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап қызмет етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру