Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда ұландықтар мен полицейлер ҰОС ардагеріне құрмет көрсетті

Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның Ақпараттық-насихаттық тобы “Қазақстан Республикасына қызмет етемін!” атты республикалық турымен Көкшетау қаласына келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Топ жетекшілері жұмыс сапарын қан майданға қатысқан майдангер Казимир Беймартпен кездесуден бастады. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарыҚайрат Үмбетов пен Ақмола облысы Полиция департаментінің бастығы Думан Таев бастаған топ Казимир Борисовичтің хал-жайғадайын біліп қайтты.

Көкшетау қаласында екінші дүниежүзілік соғысты көрген көзі тірі бес ардагердің бірі Казимир Борисович биыл 16 қазанда 96 жасқа толады. Әлі де қуаты сарқылмаған ардагер құлағының нашар еститініне ғана шағымданды.

“Казимир Борисович! Бізге сыйлаған бейбіт күнге қосқан өлшеусіз үлесіңіз үшін көп рахмет! Сіздер салған сара жол, жауынгерлік жолды абыройлы жалғастыру — біздің парызымыз! Ашық аспан астында жасап жатқан бақытты ұрпақ Сіздерге мәңгі қарыздармыз. Болашағымыз соғыс көрмесін! Сізге болаттай берік денсаулық тілейміз!”, – деді Қайрат Үмбетов.

Құқықтық тәртіп әскерінің бас тәрбиешісі мен өңірдің бас полицейі Казимир Беймартқа Ішкі істер министрі және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы атынан Алғыс хаттар мен сый-сияпаттарын табыс етті.

“Ерлік ешқашан ұмытылмауы керек. Өскелең ұрпақ сұм соғыстың салдарын тірі аңыздардың өз аузынан естісе, кеуделеріндегі сан марапаттың қан алысып, жан берісумен келгенін білсе, бүгінгі тыныштығымыздың қадірін терең түсінеді”, – деп ойлаймын деді облыс сақшыларының басшысы Думан Таев.

Ақпараттық-насихаттық топ аталмыш тур аясында Көкшетау қалалық Мәдениет үйінде 21-22 қыркүйек күндері Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің қатысуымен қала жұртшылығы мен күштік құрылым қызметкерлеріне арнап концерт береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру