Көлік полицейлері “Құқықтық тәртіп” ЖПІШ қорытындысын шығарды
Көлік полицейлері “Құқықтық тәртіп” ЖПІШ қорытындысын шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі күні көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағы 21 мың шақырымнан астам темір жолды, 305 теміржол вокзалдары мен 26 әуежайды қамтиды. Мысалы Астана-1 станциясы бойынша орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 16-17 мыңнан астам адамды, ал Нұрлы-Жол вокзалында 13-14 мың адамды құрайды.
– Елорданың халықаралық әуежайы бойынша орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 12 мыңдай адам. Мереке күндері бұл көрсеткіш екі есе артады. Осыған сәйкес біз қоғамдық тәртіпті сақтауды күшейтуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударамыз. Басты мақсатымыз – кез келген ұсақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, – деді департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Оның айтуынша, республиканың әуежайлары мен теміржол вокзалдарында полиция нарядтары артқан. Олар “Әскерилендірілген темір жол күзеті” АҚ және әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесіп, қызметтік-іздестіру иттерін тарта отырып, тұрақты негізде патрульдеуді жүзеге асырды.
“Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізудің 10 күнінде департаментте 94 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, олардың 66-ы ашылды. Сондай-ақ 3614 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұл негізінен ұсақ бұзақылық, алкогольдік ішімдіктерді ішу, қоғамдық орындарды ластау, қоғамдық орындарда тиісу және т.б.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 64 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ол құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидаттарын іске асыру бойынша жұмыстардың белсенді жүргізіліп жатқандығын айтты.
Айталық Астана қаласы әуежайындағы желілік бөлім қызметкерлері 100-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде – 45 ұсақ бұзақылық фактісі, қоғамдық орындарға масаң күйінде келу – 28, темекі шегуге тыйым салуды бұзу – 10, жолаушыларды заңсыз тасымалдау (таксистер) – 4 және т. б.
Ол осы жылғы 22 қарашада көлік полицейлері шетелдікті Астана әуежайынан қонақүйге 45 мың теңгеге жеткізген таксисті ұстағанын мысалға келтірді. Таксистке қатысты Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.
– Азаматтар заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын естерінде сақтаулары тиіс. Кез келген құқыққа қарсы әрекеттің жолын кесу керек. Егер сіз құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз немесе сізге қатысты заңсыз әрекеттер жасалса, сіз полицияға “102” немесе “112” нөміріне қоңырау шала аласыз, – дейді М. Айтуганов.
Естеріңізге сала кетейік, 20-30 қараша аралығында департаменттің қызмет көрсету аумағында “Құқықтық тәртіп” ЖПІШ өткізілді. Ол жергілікті атқару органдары, “Аманат” партиясының аумақтық филиалдары, мемлекеттік емес ұймыдарының өкілдерімен және жастар қозғалысымен бірлесе отырып жүргізілді.