Көлік үстіне шығып алған павлодарлықтар жауапқа тартылды
Жүріп келе жатқан көліктердің үстіне шығып алған павлодарлықтар жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желіні мониторингілеу кезінде Telegram-дағы tipavlo парақшасында жол қозғалысына қатысушылар тарапынан құқық бұзушылық туралы видео жарияланды.
– 1 қыркүйекте сағат 03.00 шамасында 23 және 21 жастағы екі жас жігіт Павлодар қаласындағы әуежайға қарай келе жатқан Camry және Mercedes көліктерінің үстіне шығып алып айдағаны анықталды. Полицейлер аталған автокөліктердің жүргізушілерін ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 1-бөлігі бойынша әрбір адамға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салып, жауапкершілікке тартты. Тәртіп бұзушылардың айтуынша, олар көлікті самал желмен айдағылары келген, – деді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Алтынбек Медияров.
Полицейлер Жол қозғалысы ережесінің 4-бөлімі 2-тармағының 3-тармағына сәйкес жолаушыларға көлік құралының қозғалысы кезінде терезе саңылаулары мен люктерінен еңкейіп жүруге тыйым салынғанын атап өтті. Сонымен қатар, ЖҚЕ 22-бөлімінің 6 тармағы 1-тармақшасына сәйкес жолаушыларды автомобиль кабинасынан тыс тасымалдауға тыйым салынады.
Айта кету керек, Павлодар облысында жыл басынан бері жолаушыларды тасымалдау ережесін елемеген 2190 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.