Көлік жүргізу құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды
Қызылордада көлік жүргізу құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қазан сағат 07:30-да Қызылорда қаласының көшелерінің бірінде патрульдік полиция қызметкерлерімен жол ережесін бұзғаны үшін жеңіл автокөлік тоқтатылды. Автокөлікті басқарған 26 жастағы облыс тұрғыны болып шықты.
Анықталғандай, бұл азамат 15 ақпан 2019 жылы үш жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған, алайда ол көлікті мас күйінде қайта басқарып, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірді.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқару) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Автокөлік айыптұраққа қойылды.
Бұл орайда, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарының жолдағы жауапкершіліктерін күшейтуді ескертеді.