Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі ПД-да Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті

Көліктегі полиция департаментінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған дәстүрлі мерекелік іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осыған орай департаменттің мәжіліс залында басшылық пен жеке құрам жиналып, салтанатты жиынға қатысқан погондағы арулар мен ішкі істер органдарының ардагер-әйелдерін құттықтады.

– Сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті ыждаһаттылықпен атқарып, қызметте әрдайым ең жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, кәсіби білім-біліктіліктеріңізді көрсетіп келесіздер, – деді департамент бастығы Бақытжан Малыбаев.


Ол нағыз патриоттар мен Отанның адал қорғаушыларын тәрбиелеудегі аналардың рөлін жоғары бағалады.

– Отан алдындағы адал қызметтеріңіз, әрбір іске жауапкершілікпен қарағандарыңыз және табандылықтарыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздер әрқашан сұлулықтың, мейірімділік пен түсіністіктің символы болдыңыздар және солай болып қала бермексіздер, – деді Малыбаев.

Елдегі бас көлік полицейі ІІО ардагер-әйелдеріне ерекше алғысын айтты. Ол сондай-ақ, барлық әйел әріптестеріне зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасылық бақыт пен береке тіледі.


Ресми бөлімнен кейін – мерекелік салтанатқа жиналған әйелдерге гүл шоқтары табысталды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ІІМ және департамент басшылығымен 100-ден астам полицей-әйелге алғыс жарияланып, құрмет грамоталары табысталды, кезекті арнаулы атақтар берілді.

Солардың арасында Қарағанды-сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің аға инспекторы Таира Жалмағанбетова да бар. Ол ішкі істер органдарында 2001 жылдан бері қызмет етеді.

Әріптестері Таираны кәсіби маман ретінде құрметтейді. Таира үшін жауапкершілік пен адалдық әрқашан жұмыста бірінші орында. Мереке қарсаңында ол “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында Марал Түсіпжанова да бар. Ол – 35 жаста. ІІО-да 12 жылдан бері қызмет етіп келеді. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін еңбек жолын ол Көліктегі Оңтүстік-Шығыс ішкі істер департаментінде бастаған. Қазір ол Штаб басқармасының аға инспекторы болып жұмыс істейді. Марал – көпбалалы ана. Жұбайы Ғазизбен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр. Айта кету керек, Ғазиз Қозыбаев та құқық қорғау органдарының қызметкері. Бүгін Марал Бахтиярқызы II дәрежелі “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен марапатталды.

Көктемнің шырайлы мерекесі қарсаңында әйелдер арасында спорттық эстафета ұйымдастырылған болатын. Осы спорттық іс-шараның жеңімпаздарына да грамоталар мен департамент бастығының кубогы табыс етілді. Мерекелік іс-шараның соңы концертке ұласты.

Айта кетейік, бүгінде департаменттің қылмыстық іздестіру, тергеу, әкімшілік полиция және жедел-криминалистикалық бөліністерінде сержанттан бастап полковникке дейінгі аралықта 300-ден астам әйел қызмет атқарады. Олардың көпшілігі ІІО-да 5 жылдан 20 жылға дейін еңбек еткен.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру