Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайларына құрмет көрсетілді

Қостанай облысы ПД-да қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайларына құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысының ПД-да Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Таңертең ғимараттың кіре берісінде нәзік жандыларды қызғалдақ гүлімен қарсы алды. Мереке акт залында салтанатты түрде жалғасты. Естелік сыйлықтар мен алғыс хаттарды Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбеков қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайларына табыс етті.

Олардың қатарында Замзагүл Қалиева мен Мөлдір Базарбаева бар. Олар полиция қызметкері Дархан Базарбаевтың анасы мен жұбайы. Сонымен қатар 2009 жылы қайтыс болған Б.Майлин атындағы ауданның қылмыстық полиция бөлімшесінің бастығы Медет Досымхановтың жұбайы Инна Досымханова бар.

– Өзімнің атымнан және департаменттің барлық ұжымының атынан сіздерді осы тамаша көктем мерекесімен құттықтаймын. Халықаралық әйелдер күні – аналар мен жұбайларға, қыздары мен апа-қарындастарына, әжелері мен әпкелеріне, әріптестер мен достарына деген ризашылық сезімдерін білдірудің кезекті бір тамаша себебі. Бұл сұлулық пен жаңарудың қайталанбас мерекесі, – деп атап өтті Ерлан Омарбеков.

Ішкі істер органдарының ардагерлері де назардан тыс қалмады. Оларға алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ құқықтық тәртіп мәселелеріндегі ынтымақтастығы үшін “Қазақстан полициясына 30 жыл” медальдарымен Әйелдер күштері альянсының төрағасы Римма Бектұрғанова, Қостанай облысының балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Арайлым Аманқұлова және жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Ботагөз Өтқұлбаева марапатталды.

Сонымен қатар бірқатар қызметкерлер Қостанай облысы әкімінің және Қостанай облысы ПД бастығының алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты бөлім мерекелік концертпен жалғасты. Онда полиция қызметкерлері де, арнайы шақырылған ұжымдар да өнер көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру