Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы ПД бастығы ардагер аналарды мерекемен құттықтады

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев ардагер аналарды, полицей әйелдерді мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Рухы мықты ақ жаулықты аналардың, ардақты апалар мен қаракөз қарындастардың құрметіне ұйымдастырылған бұл шара облыс орталығындағы Достық үйінде өтті.Шаңырақ берекесімен қатар, қызметтің тізгінін тең ұстаған әйелдер сегіз қырлы бір сырлы. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленуде. Ерлермен иық тірестіре жүріп, жауапты да күрделі салада абыройлы қызмет етіп келеді.

Бүгінгі салтанатты шара барысында полиция қызметінің ауырлығына қарамастан, азаматтық борышын өтеу жолында қажымай еңбек етіп, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген әйел полицейлерді құттықтау үшін Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі М.Ахметжановтың құттықтау жеделхаты ресми түрде оқылып, қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, қызметтерінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген департаменттің қыз-келіншектері марапатталды.

Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің бұйрығымен “Құқық тәртібін қамтамасыз еткені үшін” медалімен Лаура Жамурова , ІІМ-нің “Құрмет грамотасымен” Сандуғаш Мырзахметова, ІІМ-нің грамотасымен Айжан Бейбітәлі, ІІМ-нің алғыс хатымен Алтынай Искакова  марапатталды.

Сонымен қатар, ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер аналар да марапатталды. Ішкі істер органдарының ардагерлері Марияш Касаева, Күлшахар Құдайбергенова, Сәуле Әбілдаева, Бақытгүл Орынбекова, Гүлханыс Қайназарова, Алтынкүл Балмағанбетова, Гаухар Омарова және Гүлнар Ханиева департаменттің грамотасымен марапатталды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, отбасының ұйытқысына, татулық пен келісімнің тірегіне айналған, махаббаттың, сұлулықтың символы саналатын құрметті ақ жаулықты аналардың, ардақты әйелдердің құрметіне әндер шырқалып, билер биленіп, ақ тілектер айтылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру