Көліктегі ПД-ның бастығы Бақытжан Малыбаев жас мамандармен кездесті
Көліктегі ПД-ның бастығы Бақытжан Малыбаев жас мамандармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6-8 ақпан аралығында «ҚТЖ ҰК» АҚ оқу орталығының базасында, бірлескен меморандум аясында, көліктегі полиция департаментінің желілік бөліністерінің жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы және криминалист мамандарына арналған оқытулардың бірінші кезеңі өтті. Осыған орай, бүгін департамент бастығы Бақытжан Малыбаев жас мамандармен кездесіп, пікір алмасты. Бас қосуда Б.Малыбаев жиналғандарға Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің бүгінгі күні полицейлерге қойып отырған басты талаптарын жеткізді.
– Баршаңызға мәлім, соңғы жылдары еліміздің ішкі істер саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Сервистік моделге көшу», «Жұртқа жақын полиция» тұжырымдамаларының әрі қарай сәтті жүзеге асырылуына сіздер де үлес қосыңыздар. Ол үшін, азаматтардың конституциялық құқын қорғап, Отанға адал қызмет ету, антқа адалдық таныта отырып, туған елдің нағыз патриоты болу шарт, – деді Бақытжан Малыбаев.
– Мұндай оқу-жаттығулардың жас мамандар үшін маңызы зор. Оқу орталығының базасында олар практикалық сабаққа қатысып, оқиға орнын қарау ерекшеліктерін үйренеді, – дейді ұйымдастырушылар.
Жас қызметкерлер өздеріне осындай мүмкіндік жасап отырған департамент басшылығына шынайы алғыстарын білдірді. Солардың арасында Манас Тұрғанбеков те бар.
– Мен полицей болуды бала кезімнен армандадым. Міне, енді арман-мақсатыма қол жеткіздім деп ойлаймын.
2021 жылы ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын бітірдім. Қазіргі күні Қонаев станциясындағы желілік полиция бөлімінде тергеуші болып қызмет етемін, – дейді Манас Тұрғанбеков.
– Департаменттің қызмет көрсету аумағы әуе және теміржол көлігі нысандары болғандықтан, оның өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Сондықтан, мұндай практикалық оқу-жаттығулардың бізге берері көп. Бұл кәсіби біліктілігімізді арттыратыны сөзсіз, – дейді жас қызметкерлер.
Кездесу соңында департамент бастығы жас мамандардың дендеріне саулық, жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.