Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі полиция департаментінде жедел кеңес өтті

Көліктегі полиция департаментінде департамент аппараты қызметтері бастықтарының қатысуымен жедел кеңес өтті, сондай-ақ оған бейнеконференц байланыс арқылы аумақтық бөліністердің жеке құрамы қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңесте көлік полициясының 2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жедел-қызметі қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттері айқындалды.

Көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаев Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде ішкі істер органдарына қойған міндеттерін орындау бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар ол жеке құрамға ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың ІІМ Алқасының кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жеткізді. Соның ішінде дебюрократизация, полиция қызметін цифрландыру, полиция жұмысының сервистік моделін іске асыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы мәселелерін айырықша атап өтті.

Бұдан соң департаменттің жетекші қызметтерінің басшылары жедел қызметтің бүгінгі жай-күйі туралы егжей-тегжейлі баяндады. Олардың айтуынша, жыл басынан бері департаментте 446 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген болса, олардың ашылу деңгейі 65 пайызды құрады. Есепті мерзім ішінде еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде кісі өлтіру, қарақшылық және тонау сияқты қылмыстарға жол берілген жоқ. Ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері азайған. Өткен жылдар санатындағы 10 қылмыс ашылды. Бұл кешенді әрі уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесі.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл –  жұмыстың негізгі бағыттарының бірі. Есепті кезеңде барлығы 98 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде 8-і өткізу фактісі. Есірткінің заңсыз айналымынан 30 келіге жуық әртүрлі есірткі заттары тәркіленді. Жыл басынан бері көлік полицейлері 13 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Жиын барысында көліктегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысы туралы бірқатар желілік бөліністердің басшылары есеп берді. Кеңеске қатысушылар кадрлық әлеуетті жетілдіру, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелерін талқылады.

Жиында Б. Малыбаев полиция стандартын сақтауға, халыққа сапалы қызмет көрсетуге және адам құқықтарын қорғаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

– Азаматтармен қарым-қатынаста полиция қызметкерлері әдепті әрі сыпайы болуға міндетті және олар тек заң шеңберінде әрекет етулері керек. Полиция қызметіндегі дәл осы клиентке бағдарланған тәсіл – қоғам сенімін қалыптастырудың басты тетігі, – деді ол.      

Қорытындылай келе, ведомство басшысы қоғамдық қауіпсіздік пен қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша басым міндеттерді белгіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру