«Көлікті интернеттен қарап оталдырған»: ұрлық жасаған қос жігіт ұсталды
Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында автокөлік ұрлаған 19 және 20 жастағы екі күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға Нұр-Сұлтан қаласы Ким көшесі бойындағы үйлердің бірінің ауласынан ВАЗ 2110 автокөлігін белгісіз біреулердің жасырын ұрлап әкеткені туралы хабарлама келіп түскен.
Тергеу барысында ұсталған күдіктілердің түнгі уақытта үйдің ауласында есігі ашық қалған автокөлікті байқап, оны ұрлап әкету үшін салонына кіргені анықталды. Көліктің кілті жоқ болғандықтан қаскүнемдер бастапқыда оны итеріп жолға алып шығады, кейін интернеттен қарап, көлікті кілтсіз оталдырып, айдап әкетеді.
Ұрланған көлікпен күдіктілер Қостанай облысына дейін барып, сол жерде құжаттарынсыз арзан бағаға сатып жібергені анықталды. Келтірілген шығын сомасы 500 мың теңгені құрады.
Аталған факті бойынша «Ұрлық» бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Автокөлік иесіне қайтарылды. Ұсталғандардың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.