«Контрафакт» іс-шарасы: Павлодар облысында 20 интернет-алаяқтық ашылды
Павлодар облысында 20 интернет-алаяқтық ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полицейлері өңір аумағында 25-27 сәуір аралығында жоғары технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарды, зияткерлік меншік құқықтарының бұзушылықтарын, сондай-ақ компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізуді анықтау және жолын кесу үшін «Контрафакт» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Іс-шара барысында полицейлер DVD-дискілердің стихиялық сауда орындарын және бағдарламалық қамтамасыз етуді, компьютерлік клубтар мен интернет-кафелерді тексеруді жүзеге асырды.
Осы іс-шараны өткізу нәтижелері бойынша жедел уәкілдер 20 интернет-алаяқтық, порнографиялық материалдарды заңсыз таратудың бір фактісі және контрафактілік өнімдерді таратудың 2 фактісін ашты.
– Мысалы, құқықтық тәртіп сақшылары ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы бөтен адамның атына құны 787 мың теңге болатын қымбат смартфон сатып алу үшін шағын несие беру ұйымы арқылы тауарлық онлайн-несие ресімдеген 20 жастағы павлодарлық анықталып, ұсталды. 10 эпизод анықталды. Облыс орталығының тағы бір 28 жастағы тұрғыны алдау және сенімге қиянат жасау жолымен, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, танымал сайттардың бірі арқылы жоқ автокөлікті 350 мың теңгеге сатты – жеті эпизоды анықталды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Бұдан басқа, полиция қызметкерлері инстаграм әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан порнографиялық материалдарды stories арқылы заңсыз таратқан Железин ауданының 23 жастағы тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 311-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу жүргізуде.