Көшеде қарумен жүрген ер адамдар жауапқа тартылды
Тәртіп сақшылары газды тапанша мен келте мылтығы бар төрт ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атыс қаруын, жарылғыш заттар мен жарғыш құралдарды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарды алдын-алу, жолын кесу және ашу мақсатында «Қару-2020» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Рейдтік іс-шара барысында полицейлер қала көшелерінен газды қаруы бар төрт ер адамды ұстады. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген газды қарудан жарақат келтіретін патрондарды да атуға болады.
Сондай-ақ, Жиенқұлов көшесінің бойында 38 жастағы Өзбекстан Республикасының тумасын тоқтатқан, оны қарап-тексеру барысында полиэтиленді пакетке салынған келте мылтық табылған. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған қару 16 калибрлі ИЖК үлгісіндегі аңшы қаруынан қолдан жасалған тегіс, қысқа ұңғылы қару болып табылады. Зауыттық нөмірін өшіріп тастаған, атуға жарамды. Сондай-ақ, полицейлер тексеріс жүргізу барысында 20 дана оқ-дәріні тәркілеген.
ЖАІШ өткізу барысында қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және жарғыш құрылғылардың заңсыз айналымы және жасалуымен байланысты қылмыстың 11 фактісін анықталған. Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз алғаны, бергені, өткізгені, сақтағаны, тасымалдағаны және алып жүргені үшін ұсталған адамдарға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 287-бабы бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.
Түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қару иелерінен 37 бірлік тегіс ұңғылы қару тәркіленді, оның 33-іне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Тіркеу және сатып алу, беру, есепке алу, сақтау тәртібін бұзғандары үшін қару иелері әкімшілік жауаптылыққа тартылды.