Көшеде талып қалған баланы полицейлер дер кезінде ауруханаға жеткізді
Талдықорғандық полицейлер көшеде талып қалған жасөспірімді дереу ауруханаға жеткізіп, өміріне араша түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 жастағы жасөспірімді дәрігерлер бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Қазір науқас ауруханада жатқанымен, жағдайы жақсы, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Талдықорған қаласы ПБ Патрульдік полиция ротасының инспекторлары Азамат Барлыбаев пен Абылай Саматұлы 19 қыркүйек күні сағат 16-20 шамасында өздеріне тиесілі учаскені автопатрульдеу кезінде жол бойында жас баланың талып құлағанын байқаған. Әр секундтың өте құнды екенін түсінген тәртіп сақшылары оған сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Тұншығып, дем жүрмей жатқан жасөспірімнің тілін сыртқа тартып, тыныс жолдарын ашқан.
Оқиға орнына шақырылған жедел жәрдемді күтпестен, полицейлер қызметтік көліктерімен қаладағы көпсалалы ауруханаға баланы бар-жоғы бес минутта жеткізген. Жол-жөнекей ауруханаға тиісті хабар берілгендіктен, дәрігерлер де науқасты күтіп алып, оны сол сәтте жансақтау бөліміне алып кеткен.
– Полицейлер жағдайға сәйкес өте дұрыс шешім қабылдаған. Өйткені, кез келген жағдайда азаматтарға қол ұшын созу үшін тәртіп сақшыларына алғашқы көмек көрсету курстар ұйымдастырылады. Баланың өмірін сақтап, уақытты ұтымды пайдалану үшін ауруханаға жеткізген. Қалалық полицейлер атынан жасөспірімнің тезірек сауығып кетуін тілейміз. №158 экикаж құрамындағы лейтенант Азамат Барлыбаев ішкі істер органдарында алты жыл, ал кіші лейтенант Абылай Саматұлы үш жылдан артық қызмет атқарып келеді. Қыралығы мен жағдайды дұрыс пайымдап, оң шешім қабылдағаны үшін экипаж құрамына алғас білдіремін, – деді облыс орталығының бас полицейі Асқар Нұрсапа.
Әлеуметтік желіні мониторингілеу барысында жексенбі күні Талдықорған қаласындағы барлық блогерлердің парақшаларында дүкенге кеткен баласының талып құлағанын көрген және оған алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген Азамат және Абылай есімді тәртіп сақшыларына алғыс айтқан ата-ананың жазбасы жарияланды.
– Қызметкерлердің бейнежетондарының жазбасын зерделеу барысында 158 экипаждың ерлікке пара-пар іс жасағаны белгілі болды. Полиция кіші лейтенанты Абылай Саматұлы былтыр да ауа-райына байланысты жолда денсаулығы сыр берген қарияға қол ұшын беріп, аман-есен ауруханаға жетуіне ықпал еткен болатын. Кез келген сәтте көмек мұқтаж адамға көмектесуге даяр қызметкердің ісі жастарға үлгі болуы тиіс, – деп толықтырды қалалық Полиция басқармасының бастығы Асқар Нұрсапа.