Көші-қон заңнамасы тікелей эфирде талқыланды
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері әлеуметтік желілердің тікелей эфирінде көші-қон заңнамасының өзекті мәселелеріне түсінік берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық полиция ведомствосының Instagram және Facebook желілеріндегі ресми аккаунттарында өткізілген тікелей эфир көші-қон заңнамасының мәселелеріне арналды. Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері қолданушыларға кеңес беріп, байланыс телефондарымен бөлісті.
Полицейлер ашықтық пен айқындылықты нығайту және халықты уақтылы ақпараттандыру жұмысын жүргізуде. Тікелей эфир уақыты алдын ала жарияланып, полицейлер желідегі аудиториямен онлайн-диалог жүргізді. Көші-қон заңнамасын түсіндіру тақырыбы кездейсоқ таңдалған жоқ: көші-қон қызметінің полицейлері күнде шетелдіктерді және еліміздің азаматтарын қабылдап, мемлекеттік қызмет көрсетеді. Эфир кезінде желі қолданушыларына төтенше жағдай режимімен байланысты туындаған өзгерістер мен ескерілетін жайттар мемлекеттік және орыс тілдерінде жеткізілді.
Бір сағаттың ішінде көші-қон қызметіне отыздан астам сұрақ келіп түсті. Негізінен желі қолданушыларын тұрақты тұруға шығу үшін құжаттарды ресімдеу, мерзімі өтіп кеткен жеке куәліктерді қайта ресімдеу тәртібі, мемлекеттік қызметтерді алу кестесі сияқты мәселелер қызықтырды. Полицейлер барлық сұрақтарға жауап бере отыра, өзекті мәліметтер ведомстволық сайттың парақшаларында жарияланғанын айта кетті.
СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Ермек Нұсырбаевтың айтуынша, құжаттандыруға қатысты сұрақтар жиі келіп түседі: – ТЖ режимі кезінде Қазақстан азаматының құжатының мерзімі өтіп кеткен болса, онда құжат төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін (2020 жылғы 11 мамырдан кейін) 60 күн ішінде жарамды деп саналады. Яғни аталған азаматтар ХҚКО-ға құжат ауыстыру үшін 10 шілдеге дейін жүгінуі тиіс. Бұл жағдайда аталған азаматтарға қандайда бір әкімшілік ықпалы бар шаралар қолданылмайды. Сондай-ақ, Көші-қон мәселесі бойынша кеңес алғысы келетін азаматтар мына телефон нөмірлеріне: 8 (7152) 34-00-30, 34-00-50, 34-00-23, 34-00-35, 34-00-29 хабарласа алады.
Осындай тікелей эфирлер СҚО полицейлерімен өткен жылдың көктемінен бастап Instagram мен Facebook желілерінде аптасына бір рет сәрсенбі күні өткізіледі. Қолданушылар комментарийлерде басшылардың және түрлі бөліністердің тәжірибелі қызметкерлерімен осындай ыңғайлы форматта диалог жүргізуге жағдай жасағаны үшін Полиция департаментіне алғыстарын білдіріп жатады.
Облыстық полицияның аккаунттарындағы кезекті онлайн-диалогті көлік құралдарын тіркеу тәртібін талқылау, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында өткізу жоспарланып отыр.