Криминалист Динара Кукчебаеваның кәсіби жолы
Абай облысы полиция департаментінде құқықтық тәртіп пен заңды қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген қызметкерлердің бірі – жедел-криминалистикалық басқармасының бас криминалисі Динара Кукчебаева, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Динара Кукчебаева 1984 жылы дүниеге келген. 2005 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы Семей мемлекеттік университетін химиялық, криминалистикалық және экологиялық сараптама мамандығы бойынша тәмамдап, химик-сарапшы біліктілігін иеленді. 2006 жылы Семей қаласы Затон полиция бөлімінде криминалист болып қызмет жолын бастады.
Криминалистика — жоғары кәсіби біліммен қатар, ұқыптылық пен мұқият болуды қажет ететін сала. Жас маман есінде алғашқы істерінің бірі — ұрлық дерегін ашу кезінде қылмыскердің терезе әйнегінде қалған саусақ іздері арқылы анықтау болды.
2007 жылы ол Семей қалалық ішкі істер басқармасының жедел-криминалистикалық бөлімінде қызметін жалғастырып, күрделі істерді ашуға атсалысты. Солардың бірі — адам өлтіру ісі. Сарапшы күдіктінің саусақ іздерін анықтап, марқұм табылған аумақтағы көлік дөңгелектерінің ізін зерттеп, қылмыстың ашылуына және күдіктінің кінәсін дәлелдеуге мүмкіндік берді.

2007 жылы Динара Қазақстан гуманитарлық-заң университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдады, 2023 жылы осы бағытта магистр дәрежесін алды.
2022 жылдан бері ол Абай облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасында бас криминалист қызметін атқарып келеді. Жетекшілігімен заманауи әдістер мен технологиялар енгізіліп, дәлелдемелерді талдау сапасы көтерілді. Сондай-ақ жас мамандарға тәлімгерлік жасап, тәжірибесімен бөліседі.
Жолдасы — ішкі істер органдарының зейнеткері Дархан Жаласбаев. Ерлі-зайыптылар үш баланы тәрбиелеп отыр.
Динара Кукчебаева бірнеше мәрте басшылық тарапынан марапатталған, бірақ ең үлкен марапат — қылмыс ашылып, әділдік салтанат құрған сәт.
