«Күрең берет – 2022» сынағы өз мәресіне жетті
15 қазан күні Алматы облысының Жетіген кентінде орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшелері жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында аталған арнайы бөлімшенің әскери қызметшілерінің күрең берет кию мәртебесі үшін квалификациялық сынақ аяқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әскери қызметшілер арасындағы қайсарлық пен өжеттілікті, шыдамдылық пен төзімділікті сынға салар айтулы шараға еліміздегі арнайы бөлімшелердің, күштік құрылымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылған болатын.
Жыл сайын «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі әскери қызметшілерінің арасында бөлімше жауынгері үшін аса мәртебелі де құрметті саналатын күрең берет құқығын иеленуге арналған сайыс ұйымдастырылады. Кіл мықтылар сынға түсетін бұл шара әр жылы әр мезгілде, сондай-ақ жер бедерінің әр түрлі аймағында ұйымдастырылып келеді. Сынақтардың мұндағы басты мақсаты – Отан үшін оққа кеуде тосар қызметкерлердің жауынгерлік дайындығын барынша шыңдау, міндеттелген тапсырмаларды атқаруға қажетті арнайы білім мен әдіс-тәсілдерді пысықтау.
Квалификациялық сынақ биыл 21-ші мәрте өткізілді. Әскери қызметшілер сынаққа қатысу үшін теориялық білімнен тест тапсырып, дене шынықтыру дайындықтарын көрсетіп, арнайы жаттығуларды жасап, байланыс және медицина құралдарын меңгеруден алдын ала біліктіліктері тексерілді.
Әскери қызметшілер бас-аяғы 35 шақырымды 6 сағат көлемінде жүгіріп өтіп, нормативтер орындады. Биыл бұл додаға 600 үміткер қатысуға ниет білдірді, олардың арасынан 60-ы ғана қорытынды сынаққа жіберілді. Күрең беретке 22 әскери қызметші лайық деп танылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ұланның сандық және сапалық деңгейін одан әрі артыру бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында және ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың нұсқауымен арнайы мақсаттағы бөлімшелердің саны көбейтілді. Жаңадан бөлімшелер ашылды. Ұлттық ұланда жауынгерлік даярлық пен кәсібилікке үлкен мән беріледі. Кең байтақ еліміздің барлық өңірінде күрделі барлау-жауынгерлік операцияларды орындауға міндеттелген арнайы мақсаттағы «Бүркіт» жасақтары құрылған. Олар Ұлттық ұланның алдыңғы шепте жүретін алдаспан жасағы, әскер элитасы болып табылады. Бұл күнде аталған құрылымдық бөлімшелер өздеріне жүктелген міндеттерді табысты орындап, ел сенімін абыройлы ақтап келеді. Күрең берет кию мәртебесі үшін квалификациялық сынақ – жауынгерлік рухтың белгісі. Бұл шара жастарды Отанға деген адалдық пен риясыз махаббатқа тәрбиелеуге көмектеседі. Бүгінгі күрең берет иегерлеріне зор денсаулық, қажымас қайрат, өшпес рух, Отанмыз тәуелсіз Қазақстанды қорғау жолында толағай табыстар тілеймін, – деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов.