Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Лейтенант Шмидттің алғашқы қадамдары: тергеуші қыз өз жұмысы жайлы ой бөлісті

Солтүстік Қазақстан облысының полиция лейтенанты Дарья Шмидт тергеуші болып жүргеніне бірнеше ай ғана болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Миллениумның құрдасына тіпті осы қысқа кезеңнің өзі маңызды өмірлік тәжірибеге айналды: егер таңдалған іске табандылық танытып, жан-тәніңмен беріліп істесең, мүмкін емес нәрсе жоқ.

Мамандық таңдау мәселесі Дарьяның алдында ешқашан тұрған емес. Оның әкесі Николай Шмидт – ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы полиция старшинасы. Ол жол қауіпсіздігі желісінде қызмет етіп, кейін Келлеровка поселкелік полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі қызметін атқарды. Қызы әкесінің маңызды және жауапты іспен айналысатынын көріп өсті.

– Олардың ұжымы өте тату болды, – дейді жас қызметкер. – Мен бала кезімнен полицияда жұмыс істейтінімді сезетінмін, өйткені мен әкемнен және оның әріптестерінен ең бағалы адами қасиеттерді көріп өстім. Жауаптылық, өзара қолдау, жылы достық қарым-қатынас мен үшін өмірге бағыт, әрі үлгі болды.

Аға ұрпақтың үлгісі зая кеткен жоқ: Дарья әрқашан шындықты жақсы көретін. Егер біреуді ренжіткен болса, татуласуға тырысатын, біреулер ренжісіп қалса, ол араша түсетін. Оның табиғатына полицейлердің атқарып жатқан жұмысы өте жақын болды.
2017 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсті. Осы жылдың көктемінде ол Петропавл қаласы Полиция басқармасының тергеу бөлімінде тағылымдамадан өтті. Маусым айында оқуын аяқтап, 5 тамызға дейін Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімінде жұмыс істеді, содан соң өзінің туып-өскен жері Тайынша ауданына тағайындалды. Бүгінде ол бес істі сотқа жіберіп үлгерген.

– Тергеу тәжірибесінде әр түрлі іс кездеседі, – дейді Дарья. – Мен үшін мұның бәрі тәжірибе. Алғашында қиын болғанын жасырмаймын. Теорияны жақсы зерделегенмен, іс жүзінде алдыңнан қиындықтар кездеседі. Ең бастысы біздің ұжымда ақыл-кеңес алу қиындық туғызбайды: әрқайсысы жаңадан келген жас қызметкерге бар ықыласымен көмектесіп, қол ұшын созып жүреді. Істің аяқталуынан бүкіл тергеу тобының жұмысының нәтижесі байланысты болатын, тергеудің өте маңызды бөлігі сеніп тапсырылды.

Жас тергеуші үшін қарапайым болып көрінгенмен, ең маңыздысы әлі де көп нәрсені үйрену керектігін түсіну болды. Тек тәжірибе ғана барлық жік-жапсарын зерттеуге, тергеу жұмысының әдіс-тәсілдерін шыңдау және психология жағынан тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді. Мысалы, тергеушілер «ым тілін» түсінуге үйретілген. Мақсат қарапайым: адамның шындықты айтып, айтпай тұрғанын анықтау.

– Мұның бәрі жеткіліксіз, сіз алған біліміңізді іс жүзінде қолдана білуіңіз керек, – дейді ол. – Жауап алу немесе әңгімелесу барысында өтірік айтты деп айыптап, қарсылық танытпау керек, керісінше әңгімені шындықты айту қажеттілігіне жеткізетіндей етіп құру қажет.

Ол үш эпизодқа қатысы бар күдіктімен осылай әрекет етті.

– Қай іс болмасын, маған жұмыс істеу маңызды, – дейді Дарья. – Өйткені, тергеу процедуралары мен заңдар жиынтығы құрғақ зат емес, олар адамдардың тағдырына, қорғауға арналған құралдар. Мен оларды мүмкіндігінше тиімді пайдалануды үйренуім керек. Өзімнің жерлестерімнің тыныштығын сақтау сапында тұрғаным үшін қуанамын. Туып-өскен жерімнің жағдайын, тұрмыс-тіршілігін білгендіктен, маған қиын емес. Сонымен қатар, ақылдарын айтатын туған-туыстарымда жанымды.

Ішкі істер органдарының ардагері әкесі мен дәрігер-анасы, өзінен үлкен ағасы мен әпкесі, бала кезден бірге өскен достары қолдау көрсетеді. Одан бөлек әкесінің жолдастарының ақыл-кеңесі де бар. 21 жастағы полиция лейтенанты Шмидтпен кездескенде, олар: «Жарайсың, әкесінің жолын қуған, осындай өжет қыздар полицияға керек!» – дейді.

Тайынша ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Қайрат Қасенов жас қызметкерлерді бейімдеуге бүкіл ұжым болып атсалысатынын баса айтты.

– Бәріміз алғашқы қадамды сара жол салған аға буынды әріптестеріміздің басшылығымен бастадық, – дейді ол. – Біз өз кезегімізде жас қызметкерлермен тәжірибемізбен бөлісіп, жұмыстың қыр-сырын үйретеміз, өйткені өз ісінің маманын бірінші күннен қалыптастыру – біздің ортақ мүддеміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру