«Мал ұрысы» іс-шарасы: Жамбыл облысында 21 қылмыс ашылды
Жамбыл облысында «Мал ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ-нің нұсқауына сәйкес, 15-24 қараша аралығында республика аумағында «Мал ұрысы» ЖПІШ өткізілді.
Іс-шара жүргізу барысында мал ұрлығымен байланысты 21 қылмыс ашылды, оның ішінде 6 қылмыс өткен жылдар санатынан. 21 адам құрықталды, олардың ішінде екі қылмыстық топ ұсталды.
Ұрланған 201 бас мал иелеріне қайтарылды – жеті бас жылқы, бір бас сиыр және 183 бас қой, келтірілген шығын 9 530 000 теңгені құрады.
Мал жаю қағидаларын бұзу ӘҚБтК-нің 408-бабымен 69 құқық бұзушылық анықталды, сондай-ақ малды немесе ет өнімдерін заңсыз тасымалдағаны үшін ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша 120 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Бүгінгі таңда Жамбыл облыс аумағында мал ұрлығының тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 37,9%-ға (174-тен 108 дерекке) кеміді, ашылуы 19,0%-ға артты, яғни 50%-ға өскен, – деді Жамбыл облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров хабарлады.