Маңғыстау облыстық ПД-да 9 айдағы жұмыс қорытындыланды
Маңғыстау облысы полиция департаментінде 9 айда атқарылған іс-шаралардың нәтижесін қарау бойынша жедел кеңес өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеңеске департамент басшылығы, басқарма, бөлім бастықтары, аумақтық полиция бөліністерінің бастықтары, арнайы жасақ, саптық бөлініс командирлері қатысты. Полиция департаментінің бастығы Аян Дуйсембаев кеңесті алғысөзбен ашып, қатысушыларды регламентпен таныстырып, күн тәртібіндегі мәселелерді атап өтті.
12 қазан күні ҚР ІІМ кеңейтілген алқа отырысы өткізілген болатын. Ішкі істер министрі Ержан Саденов жұмыстың негізгі басым бағыттарын атап өтіп, жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіптің сақталуын бақылауды күшейтуді, кадр саясатын жетілдіруді және жергілікті жерлерде профилактикалық жұмысты жандандыруды тапсырды, ол барлық жеке құрамға жария етілген болатын.
Қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде жалпы Маңғыстау облысындағы жедел жағдай тұрақты. 2023 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі 22,2%-ға төмендегені байқалады. Сондай-ақ қоғамдық орындарда және көшелерде мас күйінде жасалатын қылмыстың азайғаны байқалады.
Ішкі істер министрлігінде өткен алқа отырысында басты мәселелер ретінде жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы күрес пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қаралды. Жол апаттарының болуының басты себебінің бірі – жүргізушілердің көлік құралын басқару кезінде ұйықтап кету салдарынан жолдан шығып аударылуы, жүргізушілердің жол жүру қағидаларын өрескел бұзуы. Өңірімізде жол-көлік оқиғаларын азайту бағытында бірқатар іс-шара қабылданды, соның нәтижесінде облыс көлемінде жол апаттарының саны 2,5%-ға төмендеген.
Облыста жыл басынан бері 188 377 құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзушыларға барлығы 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынса, оның 84,1%-ы өндірілді. Биыл өңірде 308 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 дерекке төмендеген. Полицейлер 671 мас жүргізушіні құрықтады, сот тәртібімен 735 жүргізуші көлікті басқару құқығынан айырылды.
ҚР ІІМ өткен кеңейтілген алқа отырысының қорытындысы бойынша аумақтық бөліністердің қызметтеріне баға беріліп, алдағы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені белгіленді. Облыстың бас полицейі департаменттің әрбір бөлініс, бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.