Маңғыстау облысында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар күдіктілер құрықталды
Маңғыстау облысында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар күдіктілер құрықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен республикалық "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 33 жастағы ер адамды ұстады.
Жеке тінту барысында күдіктіден есірткі заты салынған 20 орама табылып, тәркіленді.
Одан әрі жүргізілген іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері тағы бір ер адамды ұстады. Lexus RX 330 автокөлігін тексеру кезінде кастетке ұқсас зат табылып, тәркіленді.
Тәркіленген зат жалпы салмағы 1,92 грамм альфа-PVP есірткі заты болып табылады.
Сондай-ақ медициналық куәландыру нәтижесінде ұсталғандардың есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.
