Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында “Қауіпсіз үй” жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды

Маңғыстау облысында пробация есебінде тұрған сотталған тұлғаларға бақылауды күшейту, сот жүктеген міндеттердің орындалуын қадағалау және белгіленген талаптардың бұзылуының алдын алу мақсатында өткізілген “Қауіпсіз үй” жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған іс-шара 5 қазан мен 5 қараша аралығында бір ай бойы облыс көлемінде ұйымдастырылды. Оған Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметкерлері мен полиция инспекторлары бірлесіп қатысты.

Бүгінде өңірдегі пробация қызметінің есебінде 1 мыңға жуық сотталған тұлға бар. Іс-шара барысында олардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, сот жүктеген міндеттерді орындауы мен пробациялық бақылау талаптарын сақтауына баса назар аударылды. Нәтижесінде облыс аумағында 3 мыңнан астам мекенжай бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді.

Тексеру барысында пробациялық бақылау тәртібін бұзудың 120-дан астам дерегі анықталды. Оның ішінде электрондық бақылау құрылғылары – арнайы білезіктер арқылы 60 тәртіп бұзу дерегі тіркелсе, “Цифрлық пробация” мобильді қосымшасы арқылы 31 жағдай анықталды. Сонымен қатар “Цифрлық бақылау” мобильді қосымшасы арқылы тағы 7 тәртіп бұзу дерегі тіркелді. Бұдан бөлек, 20-дан астам сотталған тұлғаның белгіленген уақытта тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталды.

Анықталған тәртіп бұзушылықтар бойынша сотталған тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, оларға жазбаша ескертулер беріліп, сот жүктеген міндеттер мен пробациялық бақылау талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа 35 ұсыныс енгізілді. Оның ішінде 12 сотталған тұлғаға қатысты сот ұсыныстарды қанағаттандырып, олар жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне қайтарылды.

Айта кетейік, “Қауіпсіз үй” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында атқарылған жұмыстар мен оның нәтижелері күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырды.

Жалпы, мұндай профилактикалық шаралар пробациялық бақылаудың тиімділігін арттыруға, сотталған тұлғалардың сот жүктеген міндеттерді тиісінше орындауын қамтамасыз етуге және қоғамдағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру