Маңғыстау облысында синтетикалық есірткіні жасырып кетушілерге тосқауыл қойылды
Маңғыстау облысында синтетикалық есірткіні жасырып кетушілерге тосқауыл қойылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Түпқараған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Ақшұқыр ауылы аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында синтетикалық есірткі заттарын заңсыз сақтау және жасырып кетумен айналысқан екі күдіктіні ұстады.
Тінту барысында күдіктілердің бірінен мефедрон синтетикалық есірткісі салынған 120 орама тәркіленді.
Сонымен қатар күдіктілер уақытша тұрған жалдамалы пәтерге жүргізілген тінту кезінде қосымша 107 орама, бірнеше целлофан пакеттерге салынған синтетикалық есірткі заттары, электронды таразылар, изолента және есірткіні қаптауға арналған өзге де материалдар табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 200 грамнан асқан.
Тергеу барысында күдіктілердің басқа өңірден Маңғыстау облысына келіп, интернет-мессенджер арқылы жұмыс істейтін есірткі дүкенінің ұйымдастырушысы нұсқауымен заңсыз таратумен айналысқаны анықталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті жедел-тергеу әрекеттері жүргізілуде.
