Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда түнгі рейдтер күшейтілді: заң бұзған ойын-сауық орындарына шара қолданылды

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кафе-барлар мен ойын-сауық орындарына бақылау күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Рейдтік іс-шаралар барысында Тараз қаласындағы Лорд дәмханасында түнгі уақытта жасөспірімдердің болуына жол берілгені анықталды. Аталған ойын-сауық орны қаңтар айынан бері осындай құқық бұзушылықты үш рет қайталаған. Заң талаптарын сақтамағаны үшін кәмелетке толмағандардың ата-аналары да, оларды түнгі уақытта мекемеге кіргізген кәсіпкер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құқық бұзушылықтардың жүйелі түрде қайталануына байланысты және өрескел заң бұзушылықтарға жол бергені үшін аталған кафе қызметі бір ай мерзімге уақытша тоқтатылды.

Жыл басынан бері түнгі уақытта тұрғын үйлерден тыс және ойын-сауық орындарында жүрген кәмелетке толмағандардың 3148 фактісі анықталып, жолы кесілген. Сондай-ақ оларды түнгі уақытта бақылаусыз қалдырғаны үшін 115 нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар жасөспірімдерден 22 тыйым салынған зат (пышақ, кастет, электрошокер) тәркіленіп, ықтимал қауіптің алдын алу шаралары қабылданды.

Айта кетейік, бұған дейін де осындай заң бұзушылықтарға жол берген Сан Ремо дәмханасының қызметі бір айға тоқтатылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру