Маңғыстау полициясы: балалардың қауіпсіздігі – әрқашан басты назарда
Маңғыстау облысының аумағында екі кезеңдік «Абайлаңыз-балалар!» атты Республикалық деңгейдегі жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік жарақатының алдын алу, сондай-ақ балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын нығайту мақсатында, Маңғыстау облысының аумағында екі кезеңдік «Абайлаңыз балалар» атты Республикалық деңгейдегі жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді: дайындық кезеңі (ағымдағы жылғы 23-31 тамыз аралығында) және негізгі кезеңі (ағымдағы жылғы 1-9 қыркүйек аралығында).
Облыс көлемінде барлығы 169 мектеп орналасқан. Полиция қызметкерлері білім беру ұйымдары мен оған іргелес аумақтарға жол қозғалысын ұйымдастырудың 146 техникалық жай-күйін тексеруді ұйымдастырды. Кемшіліктерді жою бойынша атқарушы органдарға барлығы 104 нұсқама жолданды. Іс-шара аясында облыс көлемінде қосымша 137 жол белгісі ауыстырылып, 61 жаяу жүргінші өтпесі боялып, 49 жасанды кедергілер орнатылды.
Жедел-профилактикалық іс-шараның екінші кезеңін өткізу кезінде бірқатар жұмыстар ұйымдастырылды. Атап айтсақ:
– Мектептерде жол жүрісі қауіпсіздігі тақырыбында профилактикалық сабақтар мен дәрістер, оның ішінде балалардың қатысуымен жалпы мектептік ата-аналар жиналысында, «Үздік мұғалім», «Жол жүрісі қозғалысының ең үздік сыныбы», «Ең үздік мектеп» атты конкурстар өткізілді.
Көлік құралдарындағы жолаушы-балалардың қатысуымен болатын ЖКО профилактикасы және ескерту мақсатында «Сіздің жолаушыңыз – бала!» профилактикалық акциясы өткізілді. Автокөлік құралдарының жүргізушілеріне жадынамалар, жол тақырыбына жазылған балалар шығармаларын үлестіре отырып, «Қымбатты жолдас – жүргізуші!» насихат акциясы өткізілді.
Мектептерді, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен қосымша білім беру ұйымдарын қосқанда полиция қызметкерлері ата-аналар, ұстаздар және оқушылармен барлығы бес мыңнан астам әңгімелер жүргізіп, дәрістер мен сөз сөйлеулер өткізді.
– Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелеріне сай балалардың қатысуымен 682 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде балаларды тасымалдау қағидаларын бұзған 124 автокөлік жүргізушісі анықталды. Облыста іс-шара өткізілген күндер аралығында балалардың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы тіркелмеді. Мектеп аумақтарында күнделікті полицейлердің жасағы қойылып, олар мектеп аумағындағы тәртіпті қадағалайды, – деп атап өтті облыстың бас полицейі Жанарбек Бактыбаев.