Маңғыстауда ерлікпен қаза тапқан полицейлердің рухына тағзым етілді
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Маңғыстау облысы полиция департаментінде қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерін еске алуға арналған тағылымды іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға ерлікпен қаза болған полиция қызметкерлерінің аналары арнайы шақырылып, олардың перзенттерінің жарқын бейнесі мен ел қауіпсіздігі жолындағы жанқиярлық еңбегі құрметпен еске алынды.
Іс-шара барысында қатысушылар қаза тапқан тәртіп сақшыларын бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың қызмет жолы, кәсіби жетістіктері және Отан алдындағы адал қызметі туралы естеліктерімен бөлісті. Полицейлердің ерлігі мен антқа адалдығы жас буын үшін тағылымды өнеге екені ерекше атап өтілді.
Департамент басшылығы батыр ұлдарды тәрбиелеп өсірген аналарға шынайы ризашылығын білдіріп, олардың сабыры мен қайсарлығына құрмет көрсетті. Сондай-ақ қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің есімі ешқашан ұмытылмайтыны, ал олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала беретіні айтылды.
Ішкі істер органдарында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әрбір қызметкердің ерлігі – заң мен тәртіпке адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Олардың есімдері әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталып, ел қауіпсіздігі жолындағы жанқиярлықтың символына айналды.
Іс-шара соңында қаза болған қызметкерлердің аналарына гүл шоқтары табысталып, жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылды.
