Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда Полиция күніне орай жаңа техника таныстырылып, қызметкерлер марапатталды

Қазақстан полициясы күніне орай Петропавл қаласының орталық алаңында облыс басшылығының, ішкі істер органдары ардагерлерінің, полиция қызметкерлерінің және қала тұрғындарының қатысуымен салтанатты іс-шара өтті, - деп хаарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов жеке құрам мен ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегіне жоғары баға берді.

Мерекелік шараның басты жаңалықтарының бірі заманауи робот-полицейдің таныстырылымы болды. "Робот-ит" жинақталуына қарай түрлі міндеттерді орындай алады: тыйым салынған заттарды анықтаудан бастап, іздеуде жүрген адамдарды табуға дейін. Мамандар жаңа техникалық құралдың мүмкіндіктерін көпшілікке көрсетіп, әсіресе балалардың қызығушылығын оятты.

Салтанатты рәсім барысында полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында алынған жаңа қызметтік автокөліктердің кілттері табысталды. Өңірлік полицияның автопаркі жүзге жуық жаңа көлікпен толықты. Олар түрлі қызметтік бөлімшелерге бөлініп беріледі. Бұл жаңарту қызметкерлердің мобильділігін арттырып, азаматтардың өтініштері мен хабарламаларына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың құттықтау жеделхаты оқылып, қызметте үздік нәтиже көрсеткен полиция қызметкерлері мен ардагерлер марапатталды. Мерекелік бұйрыққа жиырмадан астам адамның есімі енгізілді.

Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы Владимир Синицынның жұбайы Ирина Котельник те болды.

Сонымен қатар ҚР ІІМ министрінің бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Сапаровқа полиция полковнигі арнайы атағы мерзімінен бұрын берілді.

Мерекелік шара Солтүстік Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдары, СҚО ПД хоры және қазақстандық эстрада әншісі Мұқасан Шахзадаев қатысқан концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Концерт барысында дрондардың көмегімен алаң үстіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, мерекеге ерекше сән берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру