Мақтааралдық тұрғын жоғалған қарындасын тауып берген полицейлерге алғыс айтты
Мақтааралдық тұрғын жоғалған қарындасын тауып берген полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның 27 жастағы қарындасы таңғы сағат 09:00 шамасында тұрғын үйден жұмысқа кеттім деп шығып кетіп, содан кешке қайта оралмаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері бірден тіркеуге алды.
Ақпарат алған бойда тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-іздестіру тобы құрылды. Полицейлер ауыл-аймақтағы тұрғындардан сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, қыздың баруы мүмкін жерлерді түгел қарап шықты. Бір тәулікке созылған жан-жақты іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, полицейлер жоғалған 27 жастағы қызды Мырзакент-Атакент тас жолында жалғыз өзі жаяу кетіп бара жатқан жерінен тапты. Осылайша жоғалған қыз отбасына аман-есен қайтарылды.
Анықталғандай, қыз жұмыстан қайтарда құрбысының үйіне барған. Содан кештетіп үйіне қарай көлікке мінем деп жаяу шыққан. Сол аралықта күн қарайып, жолдан адасып, мазаратқа түнеп шыққан. Таңертеңгісін жолға қайта шыққан бетте полицейлер оны тапқан. Қыздың аман-есен табылғанына қуанған отбасы мүшелері, көмек сұраған ағасы полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.