Мас адам велосипедті ұрлап, үйіне жетпек болды
Қарағандылық полицейлер мас күйде велосипед ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қыркүйек күні түнгі сағат 1.30 шамасында Қарағандының орталық көшелерінде қызмет өткеріп жүрген полиция қызметкерлері зорға велосипедті теуіп келе жатқан азаматты байқаған.
Оның түнгі уақытта бейсауат жүруі тәртіп сақшыларына бірден күдік туғызған. Тексеру барысында оның 39 жастағы қала тұрғыны екені және ішімдік ішкені белгілі болды.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген әңгіме барысында, 39 жастағы азамат автобустың тоқтап қалуы және таксиге мінуге ақшасы болмағандықтан үйіне тез жету мақсатында астындағы велосипедті бір ауладан ұрлап кеткендігін мойындады. Алайда, күдікті ішімдік ішкен күйде болғандықтан велосипедті қай мекен жайдан ұрлап кеткенін есіне түсіре алмады.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен жәбірленушінің тұлғасы анықталуда.